Өнім мол, баға көңілге қонымды

430

0

Сенбі күні Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов шаһардың екі аумағында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралап шықты. Өнім бағасын бағамдап, тұрғындармен пікірлесті. Аудан және ауылдардан қала тұрғындарына арзан әрі сапалы тауар жеткізген тауарөндірушілерге алғысын білдірді. Сонымен қатар, жауапты сала басшыларына бағаны тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Күзгі терім басталғанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізу дағдыға айналған. Әр сенбіде қала аумағында жәрмеңке өтіп, тұрғындар ауылдан келген сыбағаны молынан алуға тырысады. Баға қолжетімді, қалтаға қонымды. Ауылдың табиғи өнімі қашанда сұранысқа ие. Сөрелер жайылысымен азық-түлік алуға кіріскен халық сауданың көркін қыздырды. Содан болар адам қарасы көп. Бірі көкөніс алса, енді бірі балық, ағарған өнімдерін алып жатыр.  Жәрмеңкеден мол өнім сатып алған қала тұрғыны Айбек Апбазовтың пікірін білген едік.

– Ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған жәрмеңкеден қалмаймын. Әр ауданнан келген өнімді көріп, аралап шығамын. Бұл жолы балық пен көкөніс алдым. Бағасы арзан әрі балғын. Бұл – тиімді шара. Қала тұрғындарына ауыл өнімін қолжетімді бағада алуға мүмкіндік жасап отыр. Сол себепті шаруаларға алғысымды білдіремін, – дейді ол.

Айта кету керек, қала шаруалары өз өнімдерін  С.Толыбеков көшесінің бойына орналастырса, Шиелі ауданының шаруалары Тасбөгет кентіндегі орталық алаң аумағында базар нарығынан 15-20 пайыз арзан бағамен өнімдерін ұсынды. Қала шаруалары барлығы 74,2 тонна азық-түлік тауарын жеткізді. Ал Шиелі ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне 43 жүк көлігіне тиелген 90 тоннадан астам өнім әкелінді.

Солардың бірі – Шиелінің «Ортақшыл» ауылынан келген Алмасбек Құрманбекұлы. Ол сөк пен талқан, бал әкелген.

– Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жыл сайын қатысамыз. Бізді қала тұрғындары танып та қалған. Арнайы іздеп келеді. Таза, табиғи ауыл өнімі. Бағасы да базардан арзан. Өзіміз егіп, дайындайтын болғандықтан сапасына жауап береміз. Тұтынушылар тек алғысын білдіруде. Жәрмеңке – біз секілді шаруаларға өнімін өткізу үшін берілген үлкен мүмкіндік. Бүгінгі әкелген тауарымыз түске дейін өтіп кетті, – дейді ол.

Жалпы қала аумағында  ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<