Өрендерге өріс ашқан

832

0

Бүгінде өскелең ұрпақты өнерге баулу, ұлттық мәдениетті дамыту – өзекті міндеттердің бірі. Осы орайда елді мекендердегі өнер мектептері оқушы жастарға музыкалық білім берумен қатар, тәрбиелік мәні зор іс-шараларды да атқарып келеді. Қазіргі кезде өз ұл-қыздарының өнерін тамашалап жүрген ауыл тұрғындары бұл мектеп мұғалімдерінің жұмыстарына дән риза.

Сонау бір жылдары ескі, азып-тозған медициналық пункттің құрқылтайдың ұясындай тап-тар бөлмелерінде сабақ өткізуге мәжбүр болған музыка мамандары талай қиындықтарды бастан өткерді. Қыста суық, жазда қапырық, ескі ғимаратта жұмыс істеуге тура келсе де төзді. Қаншама жылғы төгілген тер, ерен еңбек еш кеткен жоқ. Былтыр, яғни 2021 жылы ауылдық әуез мектебі «Шіркейлі ауылдық өнер мектебі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны болып қайта құрылды. Бұрынғы бастауыш сыныптар оқитын еңселі ғимаратқа көшірілді. Қуанышқа бөленген ұстаздар өз күшімен іші-сыртын жөндеп, ғимаратты қалыпқа келтірді. Әрбір сыныпқа кең де жарық бөлмелер бөлінді. Бүгінде өнер ордасы ауылдың ажарын ашып, сонадайдан көз тартады.

– Мектебіміздегі 10 мұғалімнің алтауы – жоғары, төртеуі – арнаулы орта білімді. Бүгінде жүзден астам оқушы білім алып жүр, – дейді өнер мектебінің директоры Темірбек Досжанов. Осы өнер ордасынан сусындаған 9 оқушымыз облыс орталығындағы Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжге оқуға түсті.

Адам жанын баурап, жадырататын, жүрегін елжірететін әсем әуендер әлдебір сиқырлы әлемге жетелегендей болады. Өнер ордасына кіргендегі осы бір сезімді селт еткізген сәтті айтсаңызшы! Әр кабинет есігінен сан алуан сазды әуендер естіліп, өзіне қызықтыра түседі. Өнер ордасында домбыра, қобыз, фортепиано, баян, вокал, хореография секілді сыныптар және үйірмелер бар екен. Осында оқушылар музыкалық аспаптарды ойнауды үйреніп, түрлі сазды шығармаларды орындайды. Бұған қоса ашық тәрбие сағаттары өткізіледі. Өнер ордасының ұжымы аудандық және облыстық мәдени іс-шараларға да белсене қатысады. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінде, Халықтар бірлігі және Ұлттық домбыра күндеріне орай облыстық фестивальдарға, акцияларға, тағы да басқа іс-шараларға үнемі қатысып келеді.

Тәрбие сағаттары айтулы даталарға сай ұдайы ұйымдастырылады. Мәселен елге белгілі тұлғалар, ақын-жазушылардың мерейтойы, басқа да мерекелі күндерге орайластырылады. Отбасы күні, ақын М.Мақатаевтың 90 жылдығы, мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың 110 жылдығы, ұлттың ұлы ұстазы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай тәрбие сағаттары өткізілген. Халықаралық Қарттар, Әйелдер күні және Тәуелсіздік күніне орай өткізілген мерекелік концерттердің орны бір бөлек. Өнерімен жұртшылықты мәз-мейрам қылған балаларға тұрғындар құрмет-қошеметі ерекше болды, – дейді мектеп мұғалімдері.

Дәстүрлі аспапты, музыканы дамыту, насихаттау мақсатындағы «Музыкалық аспаптар шеруі» атты фестивальда домбырашылар, баяншылар, қобызшылар нағыз өнер құдыретін көрсетті. Шіркейлі ауылының тұрғындары өнер ордасының ұстаздары Замира Қошқарова, Мұрат Қаюпов, Жайнагүл Ермашова, Мейіржан Мұхтарұлы, Қанағат Қуанышова, Роза Байжикенованың еңбегіне шын тәнті болды.

Тізе берсек, өнер ордасы мұғалімдері мен шәкірттерінің қол жеткізген жетістіктері аз емес. Солардың қатарында биыл Шымкент қаласында өткен республикалық «ART Бәйтерек» байқауына қатысып, жүлделі орындар иеленгенін айтсақ та болады. «Би» номинациясы бойынша «Ару» бишілер тобы бірінші орынды иеленсе, жеке биде Кәмила Алтынбай бірінші орынды жеңіп алды. Жетекші Аружан Жарылқасынова жас өрендердің сүйікті ұстазына айналған. Ал вокал номинациясы бойынша Нұрдана Жақсылық, Сейтқазы Ғалымжанұлы, Аймереке Құдайберген бірінші орын алса, Нұрасыл Ералы, Ерзат Алтынбай жүлделі екінші орынды иеленді. Бұл жетістікке жетекшісі Гүлпатшайым Байғараеваның қосқан үлесі зор.

Өнер ордасының айналасын көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына да ұстаздар атсалысады. Әр сенбі сайын тазалыққа мән беріп, мектеп ауласына гүл және ағаш көшеттерін отырғызып, мәпелейді. Музыка мамандарының бұл игі істеріне де ел алғысы шексіз.

Шіркейлі ауылының әкімі Талғат Құламқадіров алдағы уақытта да өнер ордасының ауласын жасыл желекке бөлеп, абаттандыру жұмыстарының да жандана беретінін айтты. Ауызбіршілігі мен береке-бірлігі мол ауыл тәуелсіз елдің бір бөлігі, үлкен бәйтеректің бір бұтағы ретінде өркендей беретініне, сонымен бірге өрендерге өріс ашқан өнер ордасының абыройы асқақтай түсетініне сенім білдірді. Лайым солай болғай!

Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<