Қазалы ауданында жүзжылдық тарихы бар балабақша жұмыс істеп тұр. Ол білім мен тәрбие ұғымдарының біте қайнасқан ордасына айналған?!
№3 «Өрімтал» бөбекжай-бақшасы Қазалы қаласында орналасқан. Тарихына үңілсек, 1925 жылы 15 орындық бөбекжай түрінде ашылған. Әуелгіде қазақ, орыс, корей, өзбек, балалары тәрбиеленген. Тек 2022 жылдың желтоқсанында жаңа типтік ғимаратқа көшіріліп, жергілікті балғындар жаңа жыл қарсаңында ерекше сыйға бөленді. Ғимараттың ашылу рәсімінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елімізде Президент қолдауымен мемлекет тірегі, ұлт болашағы саналатын балалардың өсіп, оқып, білім алуы, азамат болып қалыптасуы үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Сол айтылғандай, қазіргі күні мұнда тәрбиеленушілердің шығармашылық, танымдық, коммуникативтік, физикалық қабілеттерін дамытуға бағытталған үйірмелер жұмыс істеп тұр. Іші заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
– Хореограф, музыка, денешынықтыру жетекшісі, психолог, логопед мамандар жеткілікті. Озық іс-тәжірибелеріміз аудан, облыс, республика көлемінде қолданылып келеді. Білікті, талантты қызметкерлеріміз бен өнерлі тәрбиеленушілеріміз түрлі додаларда топ жарып жүр, – дейді балабақша меңгерушісі Рабиға Қарымсақова.
Атап айтқанда, «Ерте жастан бастап балаларда әлеуметтік дағдылар мен өз бетінше үйрену дағдысын ойын арқылы қалыптастыру» атты облыстық онлайн вебинарда балабақшаның педагог-тәрбиешілері облыстық оқу орталығының сертификатына ие болды. Тағы бірқатар педагог Астана қаласы әкімдігінің әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Қазақстандағы қазіргі мектепке дейінгі білім тәжірибесі, жағдайы және даму перспективалары» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, сертификат иеленіп, іс-тәжірибелері жинаққа енді. Жеке балабақшалар арасындағы «Жасыл әлем – балабақшада» атты жоба кезінде «Өрімталдың» өзін-өзі көрсетуіне мүмкіндік туды. Жоба балаларға жастайынан экологиялық білім беру, оларды табиғатты қорғауға баулу, экологиялық сауаттылықты арттыруға көмектеседі. Ата-аналармен бірге көшет отырғызу нәтижесінде балабақша ауласы жайнап тұр. Балалар ауладағы бақшада көкөністерді күтіп-баптауды, еңбектенуді үйренуде. «Эколаб» кабинетінде жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі зерттеу, тәжірибе жасауға мүмкіндік бар. Кішкентайлар қалдықты кәдеге жаратып, одан небір бұйымдар жасап, «Ісмер» орталығын толтырды.
– Бала тәрбиесіне байланысты шараларға ата-аналар белсене қатысады. Балаларға жастайынан ұлттық тәрбие, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді сіңіру, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін күшейту мақсатында аталар, әжелер, әкелер, аналар мектебі құрылған. Олар түрлі жобалар мен сайыстарда жүлделі орындардан көрініп үлгерді, – дейді Рабиға Қарымсақова.
Тәрбиеленушілер бен тәрбиеші-педагогтер да өздері сынға түскен доданың ешбірінен олжасыз оралған емес. Мысалы, балабақша меңгерушісі Р.Қарымсақова облыстық «Үздік меңгеруші-2024» байқауында І орын, жас тәрбиеші А.Аяғанова «Шебер әке, ана, еңбекқор бала» атты республикалық байқаудың облыстық кезеңінде ІІІ орын, «Балақайларға қаржылық сауаттылық туралы» атты облыстық байқауда жас тәрбиеші А.Оңдасын алғыс хат, 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған «Барлығына рақмет» атты республикалық челленджде К.Смайлова Ерте дамыту институтының алғыс хатын иеленді. Ал «Әке – асқар тауым» атты республикалық байқаудың аудандық кезеңінде Г.Өтеген алғыс хат, 12 сәуір – Ғарышкерлер күніне арналған республикалық «Ғарыш әлемі» байқауының аудандық кезеңінде логопед П.Ертай тәрбиеленушісі З.Байұзақ екеуі, «Өнертапқыштық және шығармашылық жобалар-2024» фестивалінде әдіскер Ш.Нарымбетова ІІІ орынға лайық деп танылды. Балабақшаның музыка жетекшісі Р.Ахметова 1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хатымен марапатталды.
– Мектепке дейінгі шақ – адам өміріндегі ең маңызды кезең. Өйткені осы кезде баланың бойындағы табиғи қабілеттер жан-жақты дами бастайды. Сондықтан осы уақытта балалармен анағұрлым жан-жақты жұмыс істеп, нәтижесін көруге ұмтыламыз. Тәрбиелі, білімді ұрпақ балабақшадан мектепке дайын шәкірт болып шығады, – дейді балабақша меңгерушісі.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<