А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай «Жемқорлықсыз болашақ – әр азаматтың үлесі» тақырыбында облыстық форум өтті.
Форумға комплаенс-офицерлер, волонтерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Қуаныш Ахметқалиев кез келген өркениетті қоғам үшін жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ең өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті.
– Бұл қоғамның тұрақтылығы мен дамуына кері әсер етеді. Мемлекеттің экономикалық дамуын тежеп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектейді. Біздің міндетіміз – бірлескен күш-жігер арқылы адал қоғам құру. Осы іске әрбір азаматтың қосар үлесі бар, – деді ол.
Форумда «Саналы ұрпақ» республикалық слетінің қатысушылары, жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары өз өнерлерін көрсетті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенділік танытқан бірқатар азамат, волонтерлер, республикалық тақырыптық сайыстарда жүлделі орындарға ие болған оқушылар мен студенттер департамент басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Сыбайластық әлеуметтік-экономикалық дамуға, нарықтық экономиканы құруға, инвестициялар тарту процесіне және демократиялық мемлекеттің саяси, қоғамдық институттарына кері әсер етеді. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мәселесі талқыланған форум соңы жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<