«Өрнекпен өрілген өмір»: Қолөнер көрмесі ашылды

1521

0

Бүгін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында ҚР Қолөнершілер одағының мүшелері Роза Алибатирова мен Марияш Әлжанованың «Өрнекпен өрілген өмір» атты шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Көрменің ашылуында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Жанар Ахметова сөз сөйлеп, қолөнер шеберлеріне облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекованың арнайы құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстан Қолөнершілер одағының Қызылорда облыстық филиалы төрағасы, Суретшілер, Қолөнершілер одағының мүшесі, Жақыпов Бекзат Әнісұлы көрменің ашылуымен құттықтап, шығармашылық жетістіктер тіледі.

Көрменің мақсаты – ұлттық қолөнерді дамыту, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында насихаттау.

Бүгінгі көрмеге кілем, тоқыма, киіз бұйымдары, басқұрлар, текеметтер, т.б. 60-қа жуық қолөнер туындылары қойылып, Роза Алибатированың шәкірті Салтанат Әбдіраманова кілем тоқудан шеберлік сағатын көрермендер назарына ұсынды.

Ұлттық құндылық ұлтпен бірге жасайтын, қазығы тереңге қағылған мәңгілік мұра. Қолөнер ғасырлар бойы дамып, жетіліп, уақыт сынынан сү¬рін¬бей өтіп келе жатқан халық шығар¬машылығының сарқылмас қайнар көзі, халқымыздың мәдени айнасы. Ол талай ғасыр елегінен өтіп, түрленіп-жаңарып бізге жетіп отырған қастерлі құндылық. Ол адамды әсемдікке, нәзіктікке деген сезімін тербеп, сұлулыққа деген қабілетін арттырады. Сол арқылы адамзат баласы зор эстетикалық рухани қуат алып, әлемдік өнер шыңына қанат қағады.

Алибатирова Роза 1953 жылы 10 тамызда Айдарлы ауылында дүниеге келген. Кілем тоқуды өте жас кезінен, бастап үйренген. 1971 жылы № 139 орта мектебін бітіріп, 1971-1973 жылы Қызылорда қалалық профкооптех училищеде білім алған. 2018 жылдан ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі.

Қазіргі таңда зейнеткер, Роза Алибатирова халқымыздың ұмытылып бара жатқан тоқыма өнерін жаңғыртып, ежелден келе жатқан көне ізгі дәстүрді насихаттаушы. Тоқыма өнерін кәсіпке айналдырып күнделікті өмірде пайдалануға шәкірттер дайындап, оларға ұлттық қазынаны зерделеуді ұғындырып, көрген-білгенін үйретіп жүрген өз ісін жетік білетін шебер.

Марияш Әлжанова 1958 жылы 20 наурызда Сырдария ауданы, Айдарлы ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Айдарлы ауылындағы №139 А.Иманов атындағы орта мектепті бітірген. 1977 жылы Жамбыл гидромелиораторлық институтына түсіп, 1982 жылы құрылыс инженер мамандығын бітірген. 2018 жылдан Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі. Қазіргі таңда зейнеткер, жеке кәсіп иесі.

Халқымыздың ұмытылып бара жатқан мәдени мұрасы киіз үйлерге жабатын кесте, сырмақтар, басқұр-баулар өнерін жаңғыртып және халқымыздың ежелден келе жатқан көне де ізгі дәстүрі арқылы қазіргі заманымызға лайықты, сапа түр беріп сәндік қолөнерді дамытуға өз үлестерін қосып келеді.

Көрмеге өнер иелері, туыстары, БАҚ өкілдері, суретшілер мен қолөнер шеберлері қатысты.

Көрме 2023 жылдың 25 маусымға дейін жалғасады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<