Қызылордадағы денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңа нысандармен толығып келеді. Сырдың сол жағалауынан орын тепкен жаңа «Қан орталығы» – соның бірі. Биыл жазда халық игілігіне берілген медициналық нысан бүгінде қарқынды жұмыс істеуде.
Облыстық қан орталығы қаладағы және жеті аудандағы 17 медициналық ұйымды қан өнімдерімен қамтамасыз етеді. Жылына орта есеппен 13 000-нан астам тұрғын қан тапсыруға ниеттенеді. Соның ішінде 10 000-нан астамы қан тапсырады. Қалғандары денсаулығына байланысты және әртүрлі себеппен қан тапсырудан шеттетіледі. Былтыр донорлардан 8980,5 литр қан дайындалған, олар емдеу мекемелерінің сұранысы бойынша жіберіліп отырады. Мәселен, былтыр 8242 доза құрамында эритроциттері бар өнімдер, 5695 доза жаңа мұздатылған плазманың барлық түрі, 2967 доза тромбоцит, 187 доза криопреципитат, 183 доза лейкоциттік масса берілген.
– Бұған дейін «Қан орталығының» өз алдына жеке ғимараты болған жоқ. Облыстық көпбейінді аурухананың бір бөлігінде орналасқан еді. Жұмыс барысында орын тапшылығы сезілетін, санитарлық ереже мен норма талаптарына сәйкес келмейтін. Мәселен, инфекцияларды диагностикалау зертханасы, қанды тестілеу, сапаны бақылау, зарарсыздандыру бөлімшелері бір бөлмеден тұрды. Медициналық жабдықтар да өте тығыз орналасты.
Ал санитарлық ереже мен норма талаптарына сәйкес 8-10 мың литр консервіленген қан дайындалатын орталықтағы инфекцияларды диагностикалау зертханасында 17 бөлме, клинико-биохимиялық зертханада 10 бөлме, изоиммунологиялық зертханада 12 бөлме, сапаны бақылау бөлімшесінде 19 бөлме болуы қажет. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау аясында және облыс әкімінің бастамасымен орталық жаңа заманауи ғимаратқа көшті, – дейді облыстық қан орталығының директоры Серік Игенбаев.
Жылына он мың адамға қызмет көрсете алатын нысанның аймақ үшін маңызы зор. Өйткені мемлекеттің негізгі мақсаты – ұлт денсаулығын сақтау. Ұлт денсаулығы – еліміздің даму кепілі.
Айта кетейік, құрылысқа республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінген. Заманауи, зәулім ғимарат барлық талаптарға сай жарақтандырылған. Сонымен қатар 913 млн теңгеге заманауи үлгідегі медициналық құрылғылар, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қанның инфекциялардан таза, таза еместігін тексеретін соңғы үлгідегі заманауи автоматтандырылған ИФА, ПЦР аппараттары бар. Орталықта 96 қызметкер еңбек етеді.
– Жаңа ғимаратқа көшуіміз трансфузиялық терапияның сапасын және халықаралық тәжірибеге сай облыстық қан құю қызметін құру, науқасқа құйылатын қан және оның компоненттерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға мол мүмкіндік берді, – дейді Серік Қуандықұлы.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<