Фото: Әлихан Асқар/Kazinform
Біз жыл сайын Арал қайраңының 100 мың гектар аумағына тұз бен шөлге шыдамды өсімдіктер отырғызуға тырысамыз. Самарқанд қаласында (Өзбекстан) өтіп жатқан БҰҰ-ның Шөлейттенумен күрес жөніндегі конвенциясының (CRIC 21) отырысында Өзбекстан Орман шаруашылығы агенттігінің бас маманы Хаджимурат Толипов осылай мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
«6 млн гектарды алып жатқан теңіз бүтін бір ұрпақтың көз алдында жойылды. Бүгінде оның 90 пайызы жоқ. Су ресурсының аздығына байланысты бұл территорияларға су бағыттай алмаймыз. Тиісінше, ол құм мен тұз басқан шөлейтке айналды. Сондықтан біздің алдымызға осы жерлерге өсімдік егу міндеті қойылды. Ол жел салдарынан атмосфераға көтерілетін тұз бен құмды дауылдарды азайтуға ықпал етеді. Бастапқыда біз жылына 16-18 мың гектар аумаққа жасыл желек отырғыздық. Бұл өте аз, мұндай қарқынмен Арал қайраңын орманға айналдыруға 100 жыл кетер еді», – деп тоқталды Хаджимурат Толипов.
Оның сөзінше, 2018 жылдан бастап бұл көлем ұлғайтылған. Атап айтқанда, кейінгі 4 жылда Аралдың Өзбекстан территориясындағы 1 млн 700 мың гектар аумағына тұзды жерге шыдамды өсімдіктер отырғызылды.
«Қазір сексеуіл отырғызу қиындық туғызатын аймақтар қалып отыр. Жалпы біз жыл сайын 100 мың гектар аумақты қамтуға тырысамыз. Бұл ретте біз қазақстандық әріптестерімізбен бірлесе жұмыс атқарамыз. Бір-біріміздің технология, әдіс-тәсілдерімізбен танысамыз. Біз бірлесіп қана Арал апатының салдарын жоя аламыз. 2028 жылға қарай Өзбекстан тарапы жалпы аумақтың 60%-ын, ал 2030 жылға жақын 78% пайызын жасыл желекке айналдыру жоспарын қойып отыр», – деді Х. Толипов.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2025 жылдар аралығында Аралдың табанында 1,1 млн га аумақта ағаш отырғызу міндетін қойды. Тапсырмаға сәйкес, Қызылорда облысында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, сонымен қатар орман мекемелерінің күшімен 2021 жылы 100 мың гектар жерге сексеуіл көшеті отырғызылды.
Ал, 2022-2025 жылдар аралығында жыл сайын 250 мың га алаңда ағаш отырғызылмақ. Ғалымдардың есептеуінше, 1 гектар аумақтағы 4 жылдық сексеул жыл сайын 1 158,2 келі көмірқышқыл газын сіңіріп, 835,4 келі оттегін бөледі және 800 тоннадан астам құм мен тұзды ұстап қалады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<