Өзбекстан Президентін құттықтады

404

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті Өзбекстан Республикасының Президенті сайлауындағы сенімді жеңісімен құттықтады. Мемлекет басшысы дауыс беру қорытындысы елді орнықты дамытуға, оның тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етуге бағытталған Өзбекстан Президенті ұстанымының жалпыхалықтық қолдауға ие болғанын айқын көрсетеді деп атап өтті.

Әңгімелесу барысында Президент қазақ-өзбек қатынастарын стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

Мемлекеттер басшылары бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жүзеге асыру мәселелері жөнінде пікір алмасты және алдағы екіжақты іс-шаралар кестесін қарастырды.

Басқарушы комитет төрағасын қабылдады

Президент Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменовті қабылдады.

Кездесу барысында мемлекеттік қызмет саласындағы қазіргі үрдістер мен даму перспективалары талқыланды.

Президент Астана хабы мемлекеттік басқару жүйесін дамыту мәселелері бойынша сараптамалық тұрғыда маңызды қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту, билік өкілеттіктерін орталықсыздандыру және мемлекеттік органдар қызметіне жобалық әдісті белсенді енгізу арқылы әкімшілік реформаны тиімді жүзеге асыру маңызды екенін айтты.

Сонымен қатар кездесуде қоғамды одан әрі ұйыстыру, атап айтқанда, заң мен тәртіпті сақтау, кәсібилік және еңбек адамының рөлін арттыру секілді құндылықтарды қалыптастырудың маңыздылығы қарастырылды.

Бұдан бөлек, Әлихан Байменов Президентке Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының жұмысы туралы мәлімет берді. Мемлекет басшысы ұлттық ойынымызды елімізде және шетелде одан әрі дәріптеу маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастыру қажеттігіне назар аударды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<