Конституциялық реформа жөніндегі комиссия Ата Заңның жаңартылған жобасын көпшілік назарына ұсынды. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттің бір палаталы моделіне көшу жөніндегі ұсынысынан бастау алғанын білеміз. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында көтеріп, саяси жүйені түбегейлі жаңарту және жасанды интеллект заманы жағдайында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету қажеттігін атап өткен еді.
Парламенттік өзгерістерді жүзеге асыруға құрылған жұмыс тобының құрамына беделді заңгер-ғалымдар, түрлі сала сарапшылары, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енгізілді. Сонымен қатар, қарапайым азаматтар да белсенділік танытып, өз ұсыныстарын e-Otinish және eGov электронды платформалары арқылы жолдады. Нәтижесінде жұмыс тобы халықтан келіп түскен екі мыңнан астам пікір мен ұсынысты мұқият зерделеп, саралады.
Ал биылғы қаңтар айында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы конституциялық өзгерістерге қатысты өз ұстанымын жария етті. Бастапқыда Конституцияның шамамен 40 бабына түзетулер енгізілуі жоспарланғанмен, ұсынылып отырған жаңа жобадан айтарлықтай өзгеше бағыт қалыптасқанын байқауға болады.
Жаңа Ата Заң бойынша нақты шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады.
Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы





