«AMANAT» партиясы облыстық филиалында сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған Жол картасының орындалуы жайлы брифинг өтіп, филиалдың атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова 2021-2022 жылдары атқарылған жұмыстарды баяндады.
Партия алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – сайлауалды уәделердің уақытылы орындалуы. Есепті мерзімде өңірде партияның сайлауалды бағдарламасының 97 пайызы, яғни, бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған Жол картасында көрсетілген 1497 шараның 1453-і орындалып, қалған 17 шара бойынша жұмыс жүргізілуде.
– Ел дамуының жаңа кезеңінде партияға үлкен міндет пен жауапкершілік жүктелді. Былтыр партия атауы ғана емес, барлық қызметі толық трансформациялаудан өтіп, жаңа бағытқа көшті. Алда тұрған негізгі міндеттердің бірі – сайлауалды уәделердің уақытылы іске асырылуы. Өткен сайлауда «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасы ұсынылып, оны іске асырудың арнайы Жол картасы бекітілді, – деді Л.Төрешова.
Жол картасындағы іс-шаралар аясында пайдалануға берілген тұрғын үйдің көлемі 683,2 мың шаршы метрді құрап, 15 көпқабатты үйге жаңғырту жұмыстары жүргізілген. 368 шақырым жол жөнделіп, облыс орталығындағы жолаушылар тасымалы проблемасы шешілуде.
Ал елді мекендерді газдандыру бойынша 10 ауылға «көгілдір отын» тартылған. Таза ауызсумен қамту бойынша Жаңақорған ауданының «Еңбек», «Төменарық», «Сунақата», «Екпінді» ауылдарының ауызсу жүйелері жаңғыртылған.
Сонымен қатар, өңірде мәдениет нысандарының құрылысы жүргізілуде. Былтыр жыл соңында Қармақшы ауданында 100 орындық ауылдық клуб пайдалануға берілді. Спорт кешендері іске қосылып, биыл 9 ғимараттың құрылысы аяқталады. Былтыр 5 спорт алаңын салу жоспарланса, жыл ішінде 41 аулаішілік алаң салынды, оның ішінде үшеуі жергілікті бюджет есебінен, қалған 38 ойын алаңы демеушілер қолдауымен пайдалануға берілген. Сондай-ақ өткен жылы Шыны зауыты алғашқы өнімдерін шығара бастады.
– Былтыр ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін іске қосылған тағы бір жоба – «Ауыл аманаты». Оның аясында кәсіппен айналысам деген ауыл азаматтарына 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру жоспарлануда. Бұл бағытта облыстағы 142 ауыл әкімі мен жоба жұмысын үйлестіретін партияның аумақтық 11 атқарушы хатшысы оқудан өтті.
Мұнан бөлек, партияның арнайы тренерлері өңірдегі 15 ауылда болып, тұрғындарға жобаны таныстырды. Бұған қосымша ауыл әйелдерінің аймақтық форумында да осы жоба туралы айтылды.
Екіншіден, Жол картасының уақытылы іске асырылуы үшін филиал жанындағы барлық құрылымдар жұмыс жасауда. Солардың бірі – қоғамдық кеңестер. Былтыр облыстық және қалалық, аудандық қоғамдық кеңестер отырысында 725 ұсыныс зерделеніп, тиісті органдарға жолданды. Партияның негізгі міндеті – халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, кері байланыс орнату болғандықтан, қоғамдық қабылдау бөлмелерінде де өзекті мәселелер бойынша азаматтардың ұсыныстары мен тілектері жинақталуда, – деді филиалдың атқарушы хатшысы.
Партия бастамасымен өткен «Баланы мектепке даярлайық» акциясы аясында белсенділер 30 миллион теңгеге жуық қаржыға облыстағы 1972 баланың қажеттіліктерін алып берген. Сондай-ақ табиғи апат салдарынан зардап шеккен Қостанай облысы тұрғындарына 30 тоннадан астам гуманитарлық көмек жолдады. Ал биыл Екібастұз қаласының 60 оқушысына көктемгі каникул кезінде демалыс ұйымдастыруды қолға алып отыр.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<