Шағын ауылдарда өз шаруасына құнтты ағайын жетерлік. Ең керекті деген өнімді шығарып, өзгелерге үлгі болғандарды қалай мақтасақ та жарасады. Сыр дақылы – күрішпен танымал Жалағаш өңірінде мұндай мысал жетерлік. Осы ауданға қарасты Мырзабай ахун ауылында егіннен бөлек, елге қажеттіні дайындап жүрген қыз-келіншектердің еңбегі еді бұл.
Ауылда «Егінші» жеке шаруашылық серіктестігі жұмыс істейді. Күріш өсірумен айналысатын серіктестіктің төрағасы Ерұлан Өмірсеріков. Айтпақшы, шаруашылықтың қосымша 5 гектар алма бағы бар. Бақша да егеді.
Көбіне-көп ауыл өнімдерін, ондағы еңбеккерлерді насихаттап, өз ұсыныстарымен жиі көрінетін төрағаны сырттай білетінбіз. «Ауылға болсын» дейтін кейбір бастамаларын өзі де жүзеге асырып жүр. Оған дәлел – осы Мырзабай ахун ауылынан былтыр «Берекелі нан» наубайханасын ашып, үш адам тұрақты жұмысқа қабылданыпты. Күніне 150-ге жуық нан пісіріп, өз тұтынушыларын риза еткен наубайхана өнімі бұл ауылдан бөлек, көрші «Мәдениет» ауылындағы дүкендерге де жеткізілуде.

Биыл Мырзабай ахун ауылындағы соны жаңалықтың бірі – өрік тосабын дайындау. Наубайханадағы келіншектер мұндай маусымдық жұмысты қалт жібермегенге ұқсайды. Ауыл тұрғындарының ауласында өсіп тұрған сары өріктің келісін жүз теңгеден қабылдап, күніне бір литрлік ыдыспен 40 дана тосап дайындаған.
– Әу баста бұл ұсынысты өзім көтердім, – дейді серіктестік төрағасы Ерұлан Өмірсеріков. – Ауылда өрік ағаштары жетерлік, көбі піскен уақытта жерге төгіліп, босқа рәсуа болуда. Екіншіден, мойындау керек, қазіргі қант бағасы шығандап тұрғанда, екінің бірі тосап қайнатуға қаражаттан қысылады. Болмаса кейбірінде уақыт жоқ немесе оны дайындаудың әдісінен бейхабар. Шыны керек, «жерге шашылып, обал болмасын» деген ниетпен ауыл тұрғындарынан өрікті қабылдап, тосап қайнату жұмысын осылай бастап кеттік. Шаруашылық есебінен қант, қажетті шыны ыдыстар алынды. Тіпті, арнайы «Мырзабақ тосабы» деген атаумен этикеткасын дайындап, дүкендерге қолжетімді бағада өткізудеміз.
Төрағаның айтуынша, ерінбеген адамға ел ішінде тіршілік көп. Көзін тапсаңыз болғаны. Айтпақшы, тосап қайнату идеясы келесі жылы үлкен ауқымда іске аспақ.
Қай жерде ең басты сұраныс – азық-түлікте. Әсіресе, ауылдан шығатын өнім қашанда бағалы. Кейінгі жылдары өз ісін бастап, оны кеңейтіп жүргендердің саны артып келеді. Мемлекет тарапынан берілер мүмкіндік те бар. Тек талпыныс пен табанды еңбек болса болғаны.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
Жалағаш ауданы





