Ой жарыстырған жастар

835

0

Өткен жылдан бері «Bastime Quiz» интеллектуалды ойыны өткізіліп келеді. Қызылордалықтарды бір сәтте еліктіре кеткен куиз ойындарының түпкі мақсаты – адамдардың ойлау қабілетін дамыту және жастар арасындағы байланысты нығайта отырып, бос уақытты пайдалы ұйымдастыру.

Айта кетейік, куиз – интеллектуалды ойын-сауық ойынының бір түрі. Ойын ретінде шамамен 1975 жылдары танымал бола бастаған. Ағылшын тіліндегі «quiz» сөзі «викторина», «сауалнама» деп аударылады. Қатысушылар топ болып бірігіп, сұрақтарға тапқырлықпен дұрыс әрі аз уақыттың ішінде жауап беруден бөлек, логикасымен де сыналады. Жарыстың орташа ұзақтығы – 2-2,5 сағат. Еуропада зияткерлік ойын өткен ғасырда қанатын кеңге жайса, көршілес Ресейде 2010 жылдың ортасында ғана аудитория жинаған. Ал елімізде, оның ішінде, Сыр өңірінде де кейінгі жылдары сұранысқа ие болуда.

– Жобаны былтыр бастағанбыз. Қызығушылар мен қатысушылар апта сайын ұйымдастыруды сұрап жатады. Шамамызға қарай, сұранысқа сай қазіргі таңда айына 2 рет өткізіліп жүр. Жалпы саны 30 шақты команда тіркелген. Әрине, бір ойынға барлығы бірдей қатыспайды. Командалар бос уақытына, бірігуіне қарай келеді. Әр ойында әртүрлі. Мәселен, кешегі ойынға 7 команда қатысты. Әр екі апта сайын өтетін ойынды, уақыты мен өтетін жерін әлеуметтік желілерде жариялап отырамыз. Қызыққандар қатысу жарнасын төлеп, тіркеле береді. Басқа куиз ойындарынан басты айырмашылығы – қазақ тілінде өткізілуі.

Алдағы уақытта куиз ойындарын әр ауданда жеке ұйымдастыру жоспарда бар, яғни, аудан тарихы, тұлғаларға қатысты сұрақтарды құрастыра отырып, жергілікті жерді қамтып отырсақ дейміз. Қаладағы ойынның ұйымдастырылуы, сұрақтары Астана қаласынан франшиза ретінде сатып алынады. Біз сияқты франшиза арқылы Ақтау, Атырау, Шымкент, басқа да қалаларда ашылып, ұйымдастырылуда. Әлі де «Bastime» жайлы естімей жүрген қызылордалық зияткерлер көп. Коммерциялық жоба болмағандықтан, демеушіміз жоқ. Жарнапұлға әр қатысушы 2000 теңге төлейді. Қаржыны солай жинақтау арқылы куиз жеңімпаздарына, командаларға ақшалай, кейде басқа да сыйлықтар беріледі, – дейді «Bastime Quiz» ұйымдастырушысы, журналист Самат Баймаханов.

Қазақ тілді ортаның басын бір жерге шоғырландыру, жастардың таным-көкжиегін кеңейту, мақсаты ортақ, зияткер жаңа достар табу мүмкіндігін арттыру – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мен қазақша контентті дамыту жолындағы үлкен жұмыс. «Ұйымдастырушы ретінде куиз ойындарына тіл жанашырларының, профессор, ғалымдар, қаржылай қолдаймын деген кәсіпкерлердің атсалысуы – тіл тағдырына бейжай қарамайтын қоғамды қалыптастырудың, қазақ тіліне деген құрметті арттырудың алғышарты. Сондықтан қолдаушылардың да маңызы зор. Бір жыл бұрын 5-6 командамен басталған ойынның аудиториясы кеңейді. Бұл – қазақ тілін жан жақты қолдайтын зияткерлердің шоғырланып жатқанының көрінісі. Әсіресе, бір ойынға команда алып келіп, қарсыластарының мықтылығын, ойының өресін көрген соң, келесі ойынға білімді, логикасы дамыған зияткер таныстарын шақырып, жеңілмеу үшін жаңа құрам жасап жатады. Бой емес, ой жарыстырып жатқан жастардың, қызылордалықтардың көптігіне қуанамын» дейді ол.

GRILL мейрамханасында еркін форматта ұйымдастырылған кезекті ойынға 7 белсенді команда қатысып, өзара бақ сынасты. Тартысты бәсекеге тәжірибелі командалармен қатар жаңадан құрылғандары да төбе көрсетті. Капитандар сайысында «Quiz Orda» жүлделі ІІ орынды иемденсе, «Хьюстон» командасы ІІІ орынға жайғасты. Ал мыңды жығып, І орынға лайық деп танылған «Мансап» және «Касиро» командаларының капитандары қайырымдылық концертке шақырту алды. Жалпы ойын нәтижесі бойынша үштікті «Хьюстон» қорытындыласа, ІІ орынды «Мансап» иемденді. Ал басты орын «Old School» зияткерлеріне бұйырды. Айта кетейік, зияткерлермен келесі кездесу 27 наурыз күні өтеді.

Куиз – адамдарға өзін, командасын дәлелдейтін, мықты екенін мойындататын орта. Кейбір қатысушылар, тіпті, апта бойы жиналып қалған негативті эмоциясын шығарып алатынын да жасырмайды. Миға қорек болатын, қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне күш беретін мұндай ойындардың құнынан құндылығы жоғары екені анық.

Дина БӨКЕБАЙ,

«Сыр бойы»