Ойлы орта қалыптастыратын алаң

759

0

«Бастау» бизнес орталығында облыс әкімі аппараты ақпараттық технологиялар орталығының ұйымдастыруымен «Pecha Kucha Night Kyzylorda» іс-шарасы өтті. Жиынға облыс әкімі аппараты цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла қатысты.

Іс-шараның мақсаты – жастарға технологиялар аясындағы мүмкіндіктерді, ІТ бағытындағы жаңалықтар мен тың идеяларды таныстыру. Жапондық әдіс бойынша өткен жастардың басқосуында IT  саласына қатысты түрлі тақырыптар қамтылды.

– Бүгінгі жаңа форматтағы іс-шара жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін ұйымдастырылып отыр. Жас буын өкілдері уақыттарын көңілді әрі қызықты өткізіп, ыстық кофе, түрлі тәттілерден дәм тата отырып осындай ойлы орта қалыптастырғанын қалаймыз. Егер де осындай басқосулардан нәтиже болса алдағы уақытта мұнан да жоғары деңгейде өткізу жоспарда бар. Сіздерді де аталған жобаларға атсалысуға шақырамын, – деді ол.

Pecha Kucha сөзі жапон тілінде «бейресми әңгіме», яғни ой бөліп, еркін сырласу деген мағынаны білдіреді. Бұл термин бүгінде жиналыстар мен басқосуларды жаңа форматта өткізудің баламасы ретінде қолданысқа енді. Негізін қалаушылар – Астрит Клеин және Марк Дитам. Бастапқыда тек сәулетшілер мен дизайнерлер үшін ойластырылған бір реттік іс-шара уақыт өте келе, бүкіл әлемге танымал болды. Он жылдан бері әлемде кең тараған Pecha Kucha алғаш рет Токиода 2003 жылы ұйымдастырылған. Кейін Сан-Франциско, Амстердам, Мельбурн, Лондонда жалғасын тапты. Ал елімізде аталған форматтағы басқосу 7 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақытта өзінің белгілі бір аудиториясын қалыптастырып үлгерген жиын Сыр өңірінде үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Басқосуға 180-нен аса тыңдаушы қатысты.

Іс-шара аясында сөз алған спикерлер 20х20 форматы негізінде 7 түрлі тақырыпта сөз сөйлеп, кеңестерін бөлісті. Жалпы бұл жиынды ұйымдастыруда 20 санының айрықша мәні бар. Жапондар үшін 20 секунд алтын уақыт секілді. Өйткені, олар осы уақыт ішінде бір есепті шығарып, ол біткенде жылдам келесісіне өтіп отырады. Аталған жиында да спикерге 20 слайдтан тұратын презентацияның әр бетін түсіндіруге небәрі 20 секунд беріледі. Одан кейін келесі бет ашылып кетеді екен. Былайша айтқанда, әр спикерге берілген уақыт шектеулі болғанымен, баяндамасы біткеннен кейін сұрақтарға жауап беріп, тыңдаушылармен еркін диалогқа түсе алады.

Еркін форматтағы басқосуда Алмат Қуанышбаев «IT мамандарға арналған ТОП  дағдылар», Айдос Елшібек «NoCode  арқылы миды жаулау», Айбек Оразбахов «Жасанды интеллект: Досың ба, қарсыласың ба?», Жұбатқан Нұрғалиев «Қиялдан – реалға», Индира Ақжігітова «Адам мен робот қарым-қатынасында психология мүмкін бе?», Талғат Меңдібай «IT өмірге саяхат» тақырыбында презентацияларды таныстырды.

Pecha Kucha  форматындағы шара алғаш рет 2019 жылы «Жастар жылы» аясында білім, ғылым, кәсіпкерлік, ішкі туризмге қатысты тақырыптар бойынша өтті. Алғашқы жиын барысында спикерлер  Нұрлыбек Ахатаев «Химиясыз елестету мүмкін емес 20 сала», Алмат Қуанышбаев «Хакингтің 20 құралы», Ерлан Мусаев «Қызылордада баруға тұрарлық 20 орын», Сабыржан Кеңшілік «Бақытты болудың 20 қадамы», Ердәулет Есмағамбет  «Кітап оқып кету үшін 20 кеңес», Сәуле Қалыбай «Сатылатын контент  жазуға  20 кеңес» тақырыптарын  қамту арқылы  қатысушыларды қызықтыра білді.

Жастардың еркін пікір алмасу аймағына айналған кездесу 2-мәрте былтыр ұйымдастырылды. IT  саласының мамандары өз бағыттары бойынша технологияларды қарапайым түрде түсіндіріп, технологиялар аясында дамуға, кәсіп бастауға болатын мүмкіндіктермен бөлісті. Биылғы ауқымды форматта өткен жиын 250-ден астам жасты қамтыды.

Жиынның бірінші кезеңі оқушылар мен студенттерге арналса, екінші кезеңде қала кәсіпкерлері мен ірі IT компаниялары өз өнімдерін таныстырады. Оған қызығушылық танытқан барша қала тұрғындары қатыса алады.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<