Жаңақорғандық оқушы қауіпсіз лифт, су диірмені және суүсті көпірі сияқты ерекше жобалар ойлап тапты. Нұрсері Айтжан аудан орталығындағы №286 орта мектептің 6-сыныбында оқиды. Ол көркем еңбек сабағында құрастырған жобаларымен әртүрлі додаларға қатысып, топ жарып жүр. Әсіресе жоғарыда біз атап өткен дүниелері адамзат игілігі үшін аса қажет.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы әрбір төртінші лифт қауіпті. Басым бөлігі жөндеуді немесе толық ауыстыруды қажет етеді. Жалпы лифттің қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Тростары өте әлсіз, ол үзіліп кетсе, адамды аман алып қалу мүмкін емес. Талапты жас оған автокөліктегі сияқты қауіпсіздік жастығын орнатса, адам өміріне қауіп төнбес еді деп есептейді. Бұл жастық адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Нұрсері жуырда осы өнертабысымен «STEM» технологиялар жобасы аясында өткен мектепішілік байқауда І орын иеленді.
– Бұдан бөлек екі жобам туралы айтсам. Бірі – судан қуат алатын су диірмені. Біз өзен-көлдердің ағысын қуат көзіне айналдырып, ауыл-аймақтарды электр энергиясымен қамтамасыз ете аламыз. Генератор суды тартып алмай, тек айналдырып тұрады. Сонда су ысырап болмайды. Екінші жобам – суүсті көпірі. Адамдар межелі жеріне екі түрлі жолмен жете алады. Көпір ашылғанда астынан қайық, жабылғанда үстінен көліктер өтеді. Астына су диірменін орнатсақ, электр энергиясын алыстан арбалаудың қажеті болмайды, – дейді кейіпкеріміз.
Ойлы жастың талабына қанат бітіріп, қанатын қомдап жүрген көркем еңбек пәнінен сабақ беретін Өркен Ақбаев, Құдабай Тастанбеков, Ерлан Райымбек, робототехникадан сабақ беретін Айдос Арасат ағайлары.
– Балаларды еңбекке баулу, пәнге қызығушылығын арттыру мақсатында заманауи техникаларды пайдаланамыз. Мектебіміз материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Оқушылар компьютерлік графика, лазерлі станоктардың көмегімен жұмыс істейді. Көркем еңбекті өзге пәндермен ұштастыра отырып үйретеміз. Мысалы, қазақ әдебиетінен Бейімбет Майлин тақырыбын өтсе, балалар 3 Д моделі арқылы жазушының сұлбасын жасайды. Мектепте апта сайын үздік жобалар көрмесін ұйымдастырып тұрамыз, – дейді мектеп мұғалімі Ерлан Райымбек.
Жас ұстаз көркем еңбек пәнінде заманауи технологияларды пайдалану оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, заманауи құралдармен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыруға, білім беру процесін қызықты әрі тиімді етуге септігін тигізетінін жеткізді. Білікті ұстаз, шебер ұйымдастырушы Ләззат Нәлібаева басқаратын білім ордасы «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту жобасына» алғашқылардың бірі болып енгенін айтуға тиіспіз. Мұнда мектепалды даярлық және робототехника, мультимедиа кабинеттері, STEM зертханасы, заман талабына сай зертханасы бар физика және химия кабинеттері, білім берудің барлық пәні мен бағытын қамтыған модификация кабинеттері орын тапқан. Ұлттық, адами құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Кейіпкеріміз – байыпты бағдарлама аясында ұйымдастырылған «Смарт бала», «Дарынды бала – дарынды ұстаз» жобаларының жүлдегері, «Оқуға құштар мектеп» облыстық семинарының үздік жоба иегері.
– Анам – биология пәнінің мұғалімі, әкем – жүк көлігінің жүргізушісі. Әкеме кішкентайымнан қолғабыс ете жүріп еңбекке араластым. Сондықтан оқуды тәжірибеге айналдыру қиындық туғызбайды. Болашақта ІТ саласының маманы болғым келеді, – дейді Нұрсері.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<