Қолдау білдірді

583

0

Сырбойылық медицина қызметкерлері кезектен тыс Президент сайлауын қолдайтындарын білдіріп акция өткізді.

Облыстық көпбейінді ауру­хананың мәжіліс залында өткен акцияның ашылуында аурухана бас дәрігері Н.Әмитов сала қызметкерлерінің ел болашағы үшін жасалған маңызды қадамға жауапкершілікпен атсалысатынын атап айтты.

– Облыстың денсаулық сақтау саласы, оның ішінде медицина қызметкерлері қоғамдағы әр құбылысқа сергек қарайды. Салада саяси көзқарасы қалыптасқан, еліміздегі іргелі оқиғаларға өзіндік пікір білдіре алатын жиыр­ма мыңға жуық маман жұмыс істейді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы үндеуіне үн қосып, сайлауға қолдау білдіреміз,– деді ол.

Денсаулық саласының ардагері Амангелді Қадырбаев тәуелсіздіктің жеңісі мен жемісін атап айтып, денсаулық саласының жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті. «Бір кездері арман болған медициналық құрал-жабдықтар бүгінде ауылдарға жетті. Бұл – тәуелсіз ел дамуындағы жетістігіміздің бірі» деген сала ардагерінің пікірін әріптестері де бірауыздан қолдады.

Қызылорда жоғары меди­циналық колледжі «Жастар ісі» ұйымының төрағасы Раушанбек Шарапатұлы жастардың да қоғамдағы өзгеріске бейжай қарай алмайтындығын жеткізіп, тәуелсіз ел дамуына үлес қосуға әзір екендіктерін білдірді. Тәуелсіз елімізде жастардың білім алуына, мамандық игеруге, тіпті шетелде білім алуға мүмкіндік бар екенін атап айтты. «Біз – тәуелсіз елдің бақытты ұрпағымыз» деген жастар өкілі замандастарын ел болашағын баян­ды ететін сайлауды қолдауға шақырды.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<