Олимпиада алауы

1137

0

Кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысты.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен қатар Аргентина, Мысыр, Қырғызстан, Польша, Ресей, Сингапур, Сербия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Эквадор президенттері, Катар Әмірі, Босния және Герцеговина, Грекия, Моңғолия және Пәкістан премьер-министрлері, Камбоджа Королі, Сауд Арабиясының тақ мұрагері, Абу-Дабидің тақ мұрагері, Монаконың ханзадасы, Люксембургтың Ұлы герцогы, Таиландтың ханшайымы, БҰҰ Бас хатшысы, Халықаралық олимпиада комитетінің Президенті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры, Шанхай ынтымақтық ұйымының Бас хатшысы және басқа да бірқатар шетелдік ресми тұлға қатысты.

Олимпиадаға қатысушы мемлекеттер спортшыларының салтанатты шеруінде Қазақстанның Мемлекеттік туын шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруші Екатерина Айдова алып өтті. Қазақстанның ұлттық құрама командасына Қасым-Жомарт Тоқаев қол бұлғап, қолдау көрсетті.

Биылғы Ақ Олимпиада ойындарында 91 елден келген 4 мыңнан аса спортшы 109 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олимпиада бағдарламасына биатлон, бобслей (бобслей, скелетон), керлинг, коньки спортының түрлері (коньки жарысы, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек), шаңғы спортының түрлері (тау-шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, тұғырдан секіру, фристайл, сноуборд), шана спорты, шайбалы хоккей енді.

Ақ Олимпиадада жарыс ережесі бойынша биыл алғаш рет ел байрағын бір емес, екі спортшы алып шықты. Оның бірі – шорт-тректен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Абзал Әжіғалиев болса, екіншісі – конькиші Екатерина Айдова. Екеуі де – құрамадағы тәжірибелі, жүлдеге таласуға мүмкіндігі жоғары спортшылар.

Абзал Әжіғалиевтің еншісінде шорт-тректен әлем кубогі кезеңдерінің барлық жүлдесі бар. 2017 жылғы Универсиада, 2011 жылғы Азия ойындарының жүлдегері болды. Абзал 2014 және 2018 жылдардағы Олимпиадаға қатысып, Пхёнчханда Қазақстан Туын көтеріп шыққан болатын. Ол мұндай құрметке екінші рет ие болып отыр.

Ал Екатерина Айдова алғаш рет 2010 жылы Ванкувер Олимпиадасына қатысқан. Кейін Сочи-2014 және Пхёнчхан-2018 ойындарында ел намысын қорғады. 30 жастағы Айдова үшін Бейжің ойындары – өз мансабындағы төртінші Олимпиада. Тәжірибелі спортшы конькимен жүгіруден әлем кубогі кезеңінің, 2017 жылғы Универсиада ойындарының жүлдегері болса, 2021 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы атанды.

Ақ Олимпиадада еліміздің атынан 34 спортшы 85 жолдама бойынша сынға түседі. Мамандардың айтуынша, қазақстандық спортшылар фристайл-могул, фристайл-акробатика, шорт-тректе жүлде қорын толықтыруы мүмкін.

Құрамадағы ең үлкен спортшы – 35 жастағы шаңғышы Евгений Величко, ең кішісі – фристайл-могулда ойын көрсететін 16 жасар Анастасия Городко, ол 2021 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған.

Тәуелсіз  еліміздің  спорт  тарихында  отандастарымыз  қысқы  Олимпиадаларда  1 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль алды. Атап айтқанда, шаңғышы Владимир Смирнов – әзірге Олимпиаданың алғашқы және жалғыз қазақстандық чемпионы. Сондай-ақ, конькиші Людмила Прокашева, шаңғышы Елена Хрусталева, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен және фристайл-могулдан Юлия Галышева жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Айтулы аламанға спортшылар жіберу жөнінен АҚШ, Ресей мен Канада көш бастап тұр. Мәселен, АҚШ-тан 223 адам бәсекеге түссе, Ресейден – 212, Канададан – 211 спортшы жарыс жолына шығады. Сондай-ақ, Қытайдан 171 спортшы қатысады, одан кейінгі орындарда Швейцариядан – 168, Германиядан – 148, Жапониядан – 122, Швециядан – 116, Чехиядан – 114, Италиядан – 112, Австриядан – 108, Финляндиядан – 96, Франциядан –85, Норвегиядан – 52, Ұлыбританиядан – 50, Украинадан – 45, Австралиядан – 44, Оңтүстік Кореядан – 38, Қазақстаннан – 34,  Беларусьтен – 28 спортшы өз елдерінің намысын қорғайды.

Қазақстан Қысқы Олимпиадаға 1994 жылдан бастап тәуелсіз мемлекет ретінде қатысып келеді. Сол жылы Лиллехаммерде (Норвегия) 29 спортшымыз сайысқа түсті. Ал 1998 жылы Наганода  (Жапония) – 60, 2002 жылы  Солт-Лейк-Ситиде  (АҚШ) – 50, 2006 жылы Туринде (Италия) – 56, 2010 жылы Ванкуверде (Канада) – 39, 2014 жылы Сочиде (Ресей) – 52, 2018 Пхёнчханда (Оңтүстік Корея) – 46 спортшы дүбірлі додаға қатысты.

Бейжің Олимпиадасында ресми және толық көлемде спортшыларды құрғақ қан талдауына негізделген допингке тексерудің жаңа әдісі қолданылады. Бұл жөнінде Дүниежүзілік антидопинг агенттігінің (WADA) басшысы Витольд Банька мәлім етті. Оның айтуынша, Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарында құрғақ қан дақтарына тестілеудің жаңа әдісін енгізу – допингке қарсы қозғалыстың дамуындағы маңызды оқиға. Ол дәстүрлі сынама алу әдісіне қарағанда бірқатар артықшылыққа ие. WADA өкілдері құрғақ қан әдісі биоматериалды жинау және тасымалдау процедурасын жеңілдетеді. Сонымен қатар спортшылардың денесіне әдеттегі сынама алу әдістеріне қарағанда азырақ араласады деп санайды. Тәжірибе ретінде Токиодағы Жазғы олимпиада кезінде құрғақ қан алу әдісі қолданылды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<