Олимпиадаға – он жолдама

1151

0

Сурет ашық дереккөзден

Таиланд астанасы Бангкок қаласында бокстан 2024 жылғы Париж Олимпиадасына іріктеу турнирі мәресіне жетті. Дүбірлі дода барысында тамыз айында өтетін жаһандық додаға баратын былғары қолғап шеберлері анықталды. Төрткүл дүниенің үздіктері жиналатын беделді бәсекеде еліміздің атынан 10 боксшы сынға түспек.

Ұлттық құрама бапкерлері соңғы лицензиялық турнирге баратын боксшыларды іріктеуге баса назар аударды. Бұл үшін Астана қаласында арнайы жарыс өткізді. Аталған сында ерлер құрамасынан 63,5 келі салмақта Мұхамедсабыр Базарбайұлы, Ертуған Зейнуллинов, Серік Теміржанов, Дулат Бекбауов, Жандос Қарабалаев сынды бес боксшы өзара мықтыны анықтады. Шеберлігі шыңдалған Мұхамедсабыр ширақ қимылдап, Таиландтағы лицензиялық турнирге қатысуға мүмкіндік алды.

Айта кетсек, Мұхамедсабыр сәуір айында Италияда болған лицензиялық турнирге қатысып қайтты. Дегенмен ол жолы жолдамаға қол жеткізе алған жоқ. Сондай-ақ аталған турнирде әйелдер құрамасынан Алуа Балқыбекова (50 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Римма Волосенко (60 келі), Наталья Богданова (66 келі), Валентина Хальзова (75 келі) жолдамадан тыс қалып қойды.

Астанада өткен арнайы жарыс нәтижесі бойынша Алуа Балқыбекованы Назым Қызайбай алмастырса, Жайна Шекербекованың орнына Ұлжан Сәрсенбек Таиландтағы турнирге аттанды. Қалған үш салмақта Италиядағы турнирде сынға түскен боксшыларға қайтадан сенім артылды. Таиландтағы жарыста Ұлжан Сәрсенбек (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) мен Наталья Богданова (66 келі) жолдамадан тыс қалып қойды.

Назым Қызайбай (50 келі) 1/4 финалға дейін словакиялық Николь Дурикова, ұлыбританиялық Саванна Стублей, Оңтүстік Кореядан келген Джухюнг Джунгты жеңсе, шешуші жекпе-жекте Солтүстік Корея боксшысы Канг Су Хуангтың осал тұсын тауып, лицензияға қолы жетті.

Ал Валентина Хальзова турнирде украиналық Каролина Махно, моңғолиялық Эрденетуя Энхбаатар, колумбиялық Ширлейдиз Орозконы орта жолда қалдырып, жолдама санын толықтырды.

Мұхамедсабыр іріктеу турнирінде филиппиндік Кристиан Питт Лорент, түркиялық Мизан Айкол, италиялық Джанлуиджи Маланганы жеңді. Десе де ширек финалда кубалық Эрисланди Альвареске 2:3 есебімен есе жіберді. Жекпе-жек барысында қазақстандық былғары қолғап шеберінің басымдығы байқалып тұрғанымен, төрешілер кубалық спортшының қолын жоғары көтерді.

Бұл салмақта Олимпиадаға бес жолдама берілетін еді. Төртеуіне жартылай финалға шыққан былғары қолғап шеберлері ие болса, бір жолдамаға ширек финалда сүрінген боксшылар таласатын. Қазақ боксшысы бұл жолы алдымен колумбиялық Хосе Мануэль Виафараны жеңді. Одан кейін молдовалық Александру Паращивті тізе бүктіріп, Олимпиадаға баруға мүмкіндік алды.

Ендігі кезекте алда үлкен міндеттер тұр. Ұлттық құрама сапындағы боксшылар қанша жүлдеге қол жеткізе алады? Бұрынғы олқылықтардың орнын толтыра аламыз ба? Бапкерлер енді осы бағытта жұмыс жасайды деген сенімдеміз.

Алдағы жазғы Олимпиада ойындары 26 шілдеде басталып, 11 тамыз күні мәресіне жетеді. Олимпиада бағдарламасына 32 спорт түрі енгізілген. Бокстан ерлер 51, 57, 63,5, 71, 80, 92, 92 келіден жоғары салмақта жүлдені сарапқа салады. Ал әйелдер арасында 50, 54, 57, 60, 66, 75 келіде жекпе-жек өтеді.

Қазақстандық спортшылар жазғы Олимпиада ойындарына 1996 жылдан бері тәуелсіз мемлекет құрамасы сапында қатысуға мүмкіндік алды. Содан бергі уақытта олар барлығы 72 медаль алып қайтты. Оның ішінде 24-і былғары қолғап шеберлерінің еншісіне тиіп отыр. Шаршы алаң төріндегі сайыстарда қазақстандық боксшылар 7 алтын, 7 күміс, 10 қола медаль алды.

Жанкүйерлер үміт күткен үздіктердің айтулы аламанға қатысуына ерекше қызығушылықпен қарап отыр. «Елімізден қанша боксшы Парижге барады?» деген сауал өткен жылдан бері түрлі пікір тудырып келген еді. Енді олардың арасынан қайсысы Олимп шыңына көтеріледі деген сұрақ айтылады. Шынында, қай боксшының бағы жанады екен?

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<