Олимпиаданың жабылу салтанаты: атақты спортшылар мен сарапшылар Jibek Joly арнасында

115

0

Фото: Қазақпарат агенттігі

Спортсүйер қауым үш жыл күткен Париж Олимпиадасы да бүгін тарих қойнауынан өз орнын табады. Биыл ел тарихында тұңғыш рет бұл жаһандық додадан еліміздегі бес бірдей телеарна тікелей эфирде көрсетілім таратты. Франция астанасындағы ойындардың жарқын сәттерін көрерменге  қаз қалпында жеткізуге атсалысқан Jibek Joly арнасы ойындардың жабылу салтанатына да қызу дайындалып жатыр.

Белгілі спорт комментаторы Айбек Қабылша қыздар арасында баскетбол финалын жүргізіп шыққан бойда сөзге тартқанбыз. 

олимпиада
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Олимпиада басталғаннан бері Jibek Joly арнасында 20 көрсетілім жүргіздім. Бұл арнаның техникалық мүмкіндігі аса жауапты эфирлерді еш алаңсыз жүргізуге мүмкіндік берді деп айта аламын. Оның үстіне көрсетілімге жауапты ұжым да кілең өз ісін білетін кәнігі мамандардан жасақталған. Әдетте тікелей эфир кезінде қарбалас көбейіп, жүйкеге салмақ түсіп жатады. Бірақ бұл арнадағы 20 көрсетілімнің бәрі бір қарқынмен, ешбір айқай-сүреңсіз, байбаламсыз өтті. Адам жақсыға тез үйренеді ғой. Жарты айдай уақыттың ішінде осы арнадағы жылы қарым-қатынасқа тез-ақ бой үйретіп қалыппыз. Жалпы кез келген Олимпиада біткен сәтте спорт журналисінің көңілінде бір қимастық болады. Бүгін де соңғы эфирді жүргізіп отырып, ойындарға, ұжымға деген қимастық сезімді сезіндім», – дейді әріптесіміз.

Көп өтпей студияға Париж Олимпиадасында жүлдеге қол созым жерден дзюдошы Әбиба Әбужақынова келді. Бүгін ол да Юрий Мельниченко, Ислам Байрамуков сияқты даңқты спортшылармен бірге Jibek Joly арнасының эфиріне шығып, ойындардың жабылуын Қазақстан жұртымен бірге тамашалайды. 

олимпиада
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Халықтың қолдауын қатты сезініп жатырмын. Дзюдоны үзбей көріп жүргендер бұған дейін халықаралық жарыстарда құраманың туын жықпай, жалғыз жүлдегер болып оралған сәттерімді еске салып, барынша демеп жатыр. Осының бәрі спортшыға қосымша қуат, болашаққа сенім сыйлайды екен. Бір айдан кейін бәрін сараптап, алдағы жарыстарға дайындалсам деп отырмын. Олимпиада ойындарынан кейін жылдам ес жиып, алдағы жоспарымды пысықтауыма осы халықтың ықыласы көп көмектесіп жатыр», – дейді спортшы.

Бұл ойындарда Қазақстанның медаль қоржынына «күміс» салған спорттың бір түрі – грек-рим күресі. Атланта Олимпиадасының чемпионы, грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельниченко өз жасақтап апарған делегацияның Париж төрінде көрсеткен нәтижесіне көңілі толғанын айтады. 

олимпиада
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Бұған дейінгі екі Олимпиадада грек-рим шеберлері жүлдеден тыс қалып жүрген. Тіпті бесінші орынға күресудің өзі арманға айналғандай еді. Демеу Жадыраевтың үш бірдей белдесуінде әлемдік рейтингтің басында тұрған қарсыластарын айқын жеңіп, күміс медаль алды. Оның бұл жеңісі күресте жүрген жастарға үлкен үміт, жігер береді», – дейді бапкер.

Жалпы Jibek Joly арнасының ұжымы үшін Олимпиададан тікелей көрсетілім тарату тарихи кезең деуге болады. Бас режиссер Гүлсара Мусина кейінгі екі аптада күн сайын 8-9 сағаттық көрсетілімдерді үзіліссіз жүргізгендерін айтады. 

олимпиада
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Екі апта бойы түрлі спорт түрінен көрсетілім таратып, артылған сенімді ақаусыз атқардық деп ойлаймын. Енді жабылу салтанатын сапалы беру арқылы бұл ойындарға әдемі нүкте қойсақ деп отырмыз. Үлкен жобалар кез келген ұжымды шыңдайды. Осы тұрғыдан алғанда бұл ойындар да біздің мамандарымыздың тәжірибесін арттырып, ұжымды жұмылдыра түсті», – дейді ол.

Арна ұжымы ойындардың ашылу және жабылу салтанатын қосқанда 61 рет тікелей эфирден көрсетілім таратқан. Бұл – 134 сағат бойы үзіліссіз жұмыс істеу деген сөз. 

олимпиада
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Jibek Joly» ұжымы Париж Олимпиадасының ашылу салтанатын Астананың Орталық саябағында ұйымдастырып, 4 мың адамға естен кетпес қуаныш сыйлаған болатын. Ал демалыс сайын «Abu-Dhabi Plaza» сауда-ойын-сауық орталығының LED экрандарында тікелей эфир көрсетілімі берілді.

Осындай өлшеусіз жұмыстың арқасында арнаның сайтына кірушілердің саны да артқан. Тікелей көрсетілімдер кезінде арнаның сайтына 10 мыңнан астам кірген. 

олимпиада
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Еске салсақ, Париж Олимпиадасының жабылу салтанаты Астана уақытымен сағат 00.00-де басталады. Оны «Jibek Joly» арнасынан тамашалауға болады. Телеарна салтанатты шараның басталуын күтпестен белгілі ойындарды қорытындылауға арналған көрсетілімді бастап кетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<