Биыл облыс әкімі жанындағы кеңеске Қазалы ауданы бойынша 27 жоба ұсынылған еді. Оның ішінде 16 жобаны кеңес мақұлдаған. Сондай-ақ келесі жылға құны 12 млрд теңгеден астам болатын жобалар тізбегін мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін салалық басқармаларға өтінім тапсырылыпты.
Ауданның алты айлық есебін қорытындылаған Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев аймақ тілшілеріне брифинг берді. Өңірлік коммуникация қызметінде өткен кездесуде аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстарын айтып, алдағы жоспарларымен де кеңірек бөлісті.
– Қазір біздің алдымызда тұрған басты талаптың бірі – азық-түлік қауіпсіздігі және аграрлық секторды дамыту. Ол бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Аудан әкімдігі «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен бірлесіп, нан бағасын тұрақты ұстау үшін шара қабылдап, 128 тонна ұн алдыртты. Бүгінде күніне мың дана нан аудан орталығындағы 36 дүкенге таратылады. Бағасы 75-85 теңге. Екіншіден, облыс әкімінің тапсырмасымен жеке азаматтардың егінмен айналысуына, өз-өзін азық-түлікпен қамтуға 114 гектар жер дайындалған еді. Бұл 58 отбасыға бөлініп беріліп, тұрғындар картоп, көкөніс және бақша дақылдарын өсіруде. Бұдан бөлек, ауданда осы бағытпен 9 шаруа қожалығы айналысады. Олар 192 гектар жерге егін екті
М.Оразбаевтың айтуынша, Қазалыда ірі өнеркәсіп орны болмағанмен, кәсіпкерлік саласында оң тенденция бар. Ауданда жыл басынан бері 700-ден астам кәсіпкерлік тіркелген. Бүгінде 5299 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болса, оның 95,6 проценті жұмыс істеп тұр.
– Биыл индустрияландыру бағдарламасына аудандағы «Балық қалдықтарынан балық ұнын өндіру» жобасы енді. Мемлекеттік қолдау бойынша бұған инженерлік жұмыстарын жеткізуге шешім қабылданды. Тағы бір кәсіпкеріміз құны 225 млн теңгеден асатын «Қамыстан экологиялық таза құрылыс материалдарын дайындауға арналған шикізат өндірісі» жобасын ұсынды. Сонымен қатар, биыл «РЗА» АҚ-ның 660 басқа арналған сүт-тауарлы фермасының сауу процесін модернизациялау үшін Израиль мемлекетінен құрал-жабдықтар сатып алынды. Оның құны 101 млн теңгеден асады, – дейді М.Оразбаев.
Қазалыда 17 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Ал негізгі дақыл – күріш 6361 гектар. Жалпы ауданда көбіне-көп сыртқа тасымалданатын өнімнің бірі осы. Күріштің 2 жарым мың тоннаға жуығы өзге елдерге жіберіледі. Бұдан өзге, балық пен қамыс та осы тізімде. Жалпы Қазалы 10 шет мемлекетке өз өнімін экспорттап отыр.
Ауданда газдандыру жұмыстары қарқынды. Аудан орталығы – Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы, сондай-ақ Ғ.Мұратбаев ауылы «көгілдір отынға» қосылған. Жыл аяғына дейін үш елді мекен – Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов және Басықара ауылының тұрғындары газ игілігін көрмек.
– Кейінгі жылдары ауданға қарасты ауыл ішіндегі көшелер, елді мекендер арасындағы жолдар жөнделуде. Аудан меншігінде 406 шақырымнан астам автомобиль жолы бар. Бізде қазір жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 82,5 процентті құрайды. Сондай-ақ бізде 17 нысанның құрылысы жүруде. Оның жетеуі былтырғыдан өтпелі болса, қалған 10 нысан осы жылы басталды. Биыл Қазалы қаласын газбен жабдықтап, Қ.Пірімов ауылындағы спорт кешенін пайдалануға бердік. Сондай аяқталған нысандардың қатарында Жұбан елді мекеніндегі медициналық бекет пен Әйтеке би кентіндегі спорт алаңы да бар, – деді брифингте аудан әкімі.
Қазір аудан орталығында 250 орындық мектеп құрылысы мен Қазалы қаласында 140 орындық мемлекеттік балабақша салынуда. Шеткі ауылдың бірі – Кәукейде 100 орындық клубтың да құрылысы басталды. Бұған қосымша жолдар жөнделіп, кейбір жаңа аудандарға инженерлік жұмыстар жүргізіледі.
Аудан әкімінің айтуынша, кент пен ауылдарға спорт және балаларға арналған ойын алаңдары салынады. Мысалы, биыл демеушілер есебінен 5 ойын алаңы және аудандық бюджеттен 55,1 млн теңге қаржы қаралып, Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Шәкен мен Ақсуат ауылдарынан спорттық алаң тұрғызылмақ.
Айтпақшы, құрылысы бітіп, пайдалануға берген нысанның бірі – аудандық емхана. 250 адамға арналған ғимараттың игілігін Қазалы тұрғындары көріп келеді. Сондай-ақ Абай, Бозкөл, Кәукей ауылдарына амбулатория мен Ажар, Тасөткел және Шитүбек сияқты шағын елді мекендерге медициналық бекет салу үшін құжат дайындалып, сараптамадан өткізілген.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<