Оң өзгерістер көңіл қуантты

502

0

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен Сыр өңірінің орман, аң және балық шаруашылығы саласының бір топ ардагерлері Қазалы және Арал аудандарына сапарға шықтық.

Мұндағы мақсатымыз – мәдени-тарихи орындарды аралаумен қатар өзіміз қызмет еткен аудандық орман шаруашылығы мекемелеріне барып, ондағы орманшы әріптестерімізбен кездесу. Өңірді өркендету жолындағы ілкімді істерді бағамдау, білгенімізбен бөлісу еді. Бұдан бөлек, тарихи орындарды аралап, ұлтымыздың арғы-бергі тарихында өшпес із қалдырған бабалардың кесенелеріне соғып, тарих түбіне терең үңілуді де мақсат еттік.

Әуелі «Мүсірәлі Әзиз» кесенесіне бардық. Тарихтан тін тартсақ, үш жүзге пір болған Мүсірәлі сопы Әзиздің есімі күллі қазаққа белгілі. Тарихи тұлғаға Қазалы ауданы Әйтеке би кенті мен Алтай бекетінің тұсындағы күрежолдың бойына 2000 жылдары арнайы ескерткіш-кесене тұрғызылған. Бұл жерде әулие бабамыз туралы біраз мәліметке қанық болып, рухына Құран бағыштадық.

Мұнан соң ат басын Жанқожа батыр бабаның кесенесіне бұрдық. Бұл нысан 1992 жылы бой көтерген. Киелі орынға тазалық жұмыстары жиі жүргізіледі екен. Жан-жағы жасыл желекпен көмкерілген. Көркем сәулетімен келушілерге ерекше әсер қалдырады. Біз қасиетті орында батыр бабаның тарихынан мәлімет алдық.

Тарих беттеріне көз жүгіртсек, Жанқожа Нұрмұхаммедұлының батырлық даңқы ерте шыққан. 17 жасында Тықы есімді батырды жекпе-жекте найзасымен түйреп түсіріп, батыр атағы жалпақ елге жайылады. Одан берідегі ерліктері тарих беттерінде хатталып, ұрпақ жадында сақталды. Бүгінде ұрпақтың ұранына айналған саңлақ сардардың есімі ғасырдан ғасырға жалғасып келеді.

Мұнан бөлек, Қазалы және Арал аудандық орман шаруашылығы мекемелеріне бас сұқтық. Орманшы әріптестермен кездесіп, қызмет барысымен таныстық.

Облыс үшін орман шаруашылығының маңызы зор. Экологиялық аймақ болғандықтан, көркейту-көгалдандыру күн тәртібінен түспейді. Қызығы мен қиыншылығы қатар салада орманды қорғау, сақтау және орман өртінің алдын алу мақсатында аяздың ызғары мен аптап ыстықтағы орманшылардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Әрине, мекемелердің бүгінгі ахуалын біз қызмет еткен уақытпен салыстыруға келмейді. Материалдық-техникалық база жақсарған, орманшылардың айлық жалақысы өскен. Оң өзгерістер көңіл қуантты.

Байқағанымыз, мұнда Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдар аралығында теңіздің құрғаған ұлтанында 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін жүргізіліп жатқан жұмыстың  қарқыны жоғары. Мәселен, 2021-2022 жылдары ұлтанға 350 мың гектар сексеуіл егілген. Биыл 250 гектар жерге фитоорман мелиорациялық жұмыстары жүргізілуде.

Арал теңізінің мәселесі әлемнің алаңдаушылығын туғызып, назарына іліккені белгілі. Бір түп сексеуіл ағашы 4 тонна құмды тоқтата алатын күшке ие екенін ескерсек, орманшылар жыл сайын мыңдаған сексеуіл көшетін отырғызады. Алайда, оның күтіп-баптау мен шығымы жүз пайыз оң нәтиже береді деуге келмейді. Теңіз табанындағы тыңғылықты іс 2025 жылғы дейін жалғасады. Әріптестермен кездесуде тәжірибемізді бөлісіп, жауапты іске сәттілік тіледік.

Сахи БДАНОВ,

орман шаруашылығы саласының құрметті ардагері, облыстық орман, аң және балық шаруашылығы саласы ардагерлерінің бастауыш ұйымының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<