Оңтайлы шешім қабылдануы керек

977

0

Кейінгі жылдары бірқатар мұнай компаниялары жұмысшыларының жалақы аздығы мәселесі туындауда. Әсіресе, салыстырмалы түрде «СНПС-АйДан Мұнай» компаниясы мен «Қуат Амлон Мұнай» БК» серіктестігінде жұмыс істейтін қызметкерлер жалақысының төмендігінен еңбек даулары орын алды.

Осыған орай кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «СНПС-АйДан Мұнай» компаниясының президенті Вэнь Цзянцзюнь мен «Қуат Амлон Мұнай» БК» серіктестігінің бас директоры Сяо Вэйді шақырып, әкімдік басшылығы, құқық қорғау органдары және салалық басқарма басшыларымен бірге өзекті мәселелерге қатысты жиын өткізді.

Облыс әкімі кейінгі бірнеше жылда мұнай компаниялары жұмыс­керлері арасында жалақыны арттыру мәселесі жиі көтерілетінін атап өтіп, бұл істе тиімді шешім шығару қажет екенін алға тартты.

– Өзге мұнай компанияларымен салыстырмалы тұрғыда қарайтын болсақ, сіздерде жалақы мөлшерінің төмендігі байқалады. Бұл қызметкерлер арасында әлеуметтік шие­леніс туғызады. Сондықтан өз жұмысшыларыңыздың талабын ескере отырып, оңтайлы шешім қабылдау­ларыңыз қажет. Себебі осы кезге дейін әкімдік тарапынан да бірнеше рет кездесулер өткізіліп, түсіндірмелер жүргізілді. Ал, тиімді шешімді қабылдауда сіздер тараптан нақты нәтижелер байқалмайды, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында құқық қорғау органдарының басшылары да қыз­меткерлердің заңды мүдделерін қорғау қажеттігін еске салды. Облыс әкімі туындаған мәселелерді саралай келе, мұнай компанияларының басшыларына әлеуметтік шиеленісті болдырмауды қатаң түрде тапсырды. Қысқа мерзім ішінде шешім қабылдау қажеттігін қаперге салып, нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<