Оңтүстіктен солтүстікке көшу субсидиясы 2 есе ұлғаяды

593

0

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылардың көшуіне берілетін субсидия мөлшері 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке артады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Еңбек және халықтың әлеуметтік министрлігі ҚазАқпаратқа берген жауабында айтылған.

«Жыл сайын инфляция деңгейіне байланысты айлық есептік көрсеткіш мөлшері көбейіп отырады. АЕК мөлшері өзгерген сайын субсидиялар мөлшері де өзгереді. Мәселен, бағдарламаның алғышқы жылында 2017 жылы тұрғын үй жалдау үшін ең минималды төлем сомасы 34 мың теңгені құраса, 2021 жылы 43,7 мың теңгеге дейін көбейген», – деп жазылған министрліктің жауабында.

Ведомство өкілдері Президент тапсырмасы бойынша қоныс аударушыларға көшуге берілетін субсидия мөлшерін 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін көбейту үшін «Еңбек» бағдарламасына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүріп жатқанын айтады.

«Аталған өзгеріс күшіне енген соң көшуге біржолғы субсидия мөлшері 102,1 мың теңгеден 204,2 мың теңгеге дейін көбейеді», – деп жазылған жауапта.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы елдегі көші-қонның теріс сальдосын 15 пайызға дейін қысқартқан.

Сондай-ақ, министрлік мамандар «Еңбек» көші қандай мамандықтар тапшылығын жойғанын айтып берді. Ресми дерек бойынша, жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударған жастардың 76 пайызы жұмысқа тұрған.





 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<