Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов жаңа ғимаратта жұмысын бастаған облыстық онкология орталығына барды.
Облыстық онкология орталығы биылғы 19 шiлдеден бастап бұрынғы модульдік инфекция орталығына көшкен болатын. Орталық бас дәрігерi Нұржамал Жұмағалиқызы облыс әкімінің орынбасары мен аймақтың бас дәрігерін жаңа орында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Сондай-ақ, олар науқастармен кездесiп, ұсыныс-пiкiрлерiн тыңдады. Емделушілер ғимараттың кең әрi заманауи құрылғылармен жабдықталғанын, мұнда ем алуға толық жағдай жасалғанын айтып, алғыс бiлдiрдi. Облыс әкімінің орынбасары орталық қызметкерлеріне әрбір науқастың жағдайын жіті бақылап отыру керектігін айтып, бірқатар тапсырма берді.
Айта кетейік, облыстық онкология орталығы 2002 жылдан бастап онкологиялық сырқаты бар пациенттердің стационарлы ем қабылдауына бейімделмеген облыстық көпбейінді ауруханада қызмет көрсетіп келді. Өткен аптаның сәрсенбісінен бастап аталған орталық 200 төсектік бұрынғы модульді инфекциялық стационарда жұмысын жалғастыруда.
Аталған орталықтың емхана бөлімі дәрігердiң кеңесін қажет ететін және жоспарлы ем алу мақсатында ауруханаға жолданған пациенттерді де қабылдап жатыр. Ғимараттың әр палатасы 2-3 ем алушыға арналған және пациенттер үшін арнайы санитарлық тораптармен, желдеткіштермен, орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етілген. Ал жансақтау бөлімі 6 төсек-орыннан 12-16 төсек-орынға дейін кеңейтілген, бұған қоса, заманауи құралдармен жабдықталған операциялық 2 зал бар. Қосымша жаңа компьютерлік томограф, заманауи рентген аппараты және видеоэндоскопиялық аппаратпен жабдықталған.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<