Онлайн оқу жылы: Балаңыздан не байқадыңыз?

2007

0

Онлайн басталған оқу жылы дәл солай аяқталмақ. Карантин күн тәртібін көп өзгертті. Оқу жүйесін айтпағанда, біраз баланың денсаулық жайы алаңдатып тұр. Қаланың кішкентай тұрғындарына анықтап қараңызшы, көбінің салмағы артқан. Томпаңдап әрең жүгіреді. Алыстағыға көзі жетпей, отырғанда еңкейіп, жүргенде бүкірейетін балақайлар көбейді ме деген қауіп бар.

Бұл – біздің болжам. Сон­дық­тан ресми статистиканы білу үшін облыстық балалар ауру­ханасына хабарластық.  Маман­дар толық бала көбейгенін жоққа шы­ғармады. 2019 бен 2020 жыл­ды салыстырғанда семіздікке шал­дық­қандар саны 25 процентке артқан. Дәрігерлер семіздіктің неден пайда болатынын да түсін­діріп берді. Бірінші себеп, эндокринологиялық аурулардан пайда болса, екіншісі – дұрыс тамақтанбаудан. Кейінгі екі жылда эндокринологиялық ауру­лар бойынша көрсеткіш бір деңгейде. Демек, олардың шектен тыс семіруі жеген ас, ішкен сусынына байланысты болып отыр. Қазір бала балмұздақ, фри мен гамбургер алам десе, қолын қақпайтындар көп. Бірақ тез қуантып, тез тойдыратын тәтті тоқаш, газдалған сусын, печенье мен полуфабрикаттар кейін ұзақ күресетін ауруға әке­луі мүмкін. «Қиындықты қол­дан жасамаудың» жолы қарапайым. Дәрігерлер балаға қайнатылған, бұқтырылған тағам беруді, ра­цион­­ға бидай, сұлы жармасын, жұ­мыртқа, көкөніс пен жеміс-жи­декті молынан қосуды ұсынады.

Жанарға қалай жүк түсті?

«Аспанға қарап, түнде жұлдыз санайтынбыз. Арасында бір көрінетін ұшаққа қол созып, желмен жарысып жүгіретінбіз». Үлкендер балалық шағын осылай еске алады. Қазір қалада жарық көп болғасын ба, жұлдыздар да анық көрінбейді, балалар да ол жаққа қарай қоймайды. Көкжиектегі сағымды қуатындар да жоқ. Есесіне бар назары – телефонда. Ал, дәрігерлер алысқа көп қарамаған баланың жанары өздігінен нашарлай беретінін айтты.

Карантин өткен жылы басталғанын ескерсек, аймақта 2019 жылы 14869 баладан көз ауруы анықталған. 2020 жылғы көрсеткіш бойынша 12 мыңға жуық. Оның ішінде Арал, Қар­мақшы, Жалағаш аудандары, Байқоңыр қаласында өсіңкі. Рес­ми дерек бойынша көз ауруы азаймаса, көбеймеген.

Нақты мәліметті алмас бұрын жағдайды білмек үшін жеке офтальмология орталықтарына да бардық. Облыс орталығындағы «Шырақ» клиникасы келушілер санының көптігінен әрі отаға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, бұл аптада балалар окулисінің мүлде бос уақыты жоғын айтты.

Ал «Мегаоптика» орта­лығы­ның балалар окулисі Әйгерім Ақышбаева карантиннен бері оқушылардың жиі келетінін, күніне 20-30 баланы қарайтынын жеткізді. Дәрігер мұның ең басты себебі балалардың күн тәртібінің өзгеруінен дейді.

– Оқушы үйде білім алады, телефонға бұрын аз қарай­тындардың өзі қазір смартфон мен ноутбукке тәуелді. Баланың көзі нашарлағанын қалай ерте білуге болады? Мұндайда тақ­тадағы жазуды бұлыңғыр көреді, көзін қыса бастайды, теледидарға еріксіз жақын отырады. Ал мектеп оқитын кезде жағдай басқа еді. Оқушы бірде тақтаға, бірде дәптерге қарайды. Оның өзі көзге жаттығу. Егер осы режим үйде де сақталса, бала денсаулығына зия­ны тимес еді.

Балалар үйде бір сабақты орындап болғасын тұрып кет­­пейді, оның арасында теле­фоннан ойын ойнап, Whatsapp-та хат жазысады. Бір пәннің тапсырмасын орындап болғасын бала көзін суытып, үзіліс жасау керек. Мектепте бір сабақтан соң міндетті түрде үзіліс болады, ал үйде бұл тәртіп сақталмайды. Сондай-ақ, көздің нашарлауы омыртқаға да байланысты. Басын еңкейтіп жазу жаза берген баланың көзі нашарлай түседі. Тіпті көзілдірік тақса да, қалыпқа келмейтін жағдайлар бар. Алысқа көп қарамаған ба­ланың көзі қитарлана бастайды. Қазір көз қитарлығы көп кездесуде. Бұл асқынғанда көздің сыртқа не ішке ауытқуына әкеледі. 

Балаларды көбіне көру дәре­жесі 3-ке жеткенде алып келеді. Миопияның екі түрі бар, бірі – жалған, екіншісі – шынайы. Егер жалған болса, балаға барынша көзілдірік кигізбей, ем алу керек. Егер бір тексерістен соң көзілдірік тақса, шынайы түрге ауысуы мүмкін. Сондықтан балаларды кез келген окулистке емес, балалар окулисіне апару қажет. Әсіресе олардың жасына байланысты көздің өлшемін анықтау оңай емес. Көзілдірікті таңдауға көмектесетін арнайы оптомет­рист маманы бар. Себебі, көру дәрежесі 3-6 ай сайын өзгеріп тұратындықтан, балалардың кө­зін бір емес, бірнеше рет араға уақыт салып тексеру керек. Егер көзде өзгеріс болса, баланы 6 ай сайын, ал жанары сап-сау болса, жылына бір рет тексерту жеткілікті, – деді Әйгерім Ақышбаева.

Балаларда астигматизм да кездесуі мүмкін. Ас­тиг­ма­тизмі барлар затты бұл­ды­ратып көріп, кейде тіпті дүниені солай қабыл­дайды. Миында қоршаған орта­ның бұлыңғыр бейнесі қалып­та­сады. Сондықтан ауруды ерте анықтау үшін 15 жасқа дейінгі оқушылар балалар дәрігеріне кө­рінуі керек.

Бітімде мін болмаса игі…

Сколиоз – адамның дене бітімінің, омыртқаның қи­саюы. Көбіне балалық, жас­өспірім шақта пайда болады. Тік жүрмеу, түзу отырмау, ауыр көтеру, жиі еңкейіп, бү­кірейіп жұмыс істеу сколиоз қалыптасуына әкеледі.

Балалар арасында дене біті­мінің бұзылысы, сколиоз көр­сеткіші бойынша қазір дерек нақты емес дейді мамандар. Нақты айтпаудың ең басты себебі, карантин кезінде балалардың барлығы бірдей толық тексеруден өтпеді. Сондықтан ортопедтер көрсеткіш бірқалыпты дегенмен, балалар арасында сколиоз жиі орын алып отыр деп жауап берді.

Ал жеке орталық мамандары не дейді? Қаладағы «Ай­куне» гимнастикалық ор­та­лығының инструкторы Жақсылық Шадай келу­ші­лердің 40 проценті балалар екенін, 6 жастан жоғары балаларда сколиозбен қатар бүкірлік жиі кездесетінін айтты. Кейінгі кезде омыртқаның қисаюына бай­ланысты бала­лардың келуі жиілеген.

–       Сколиоз – омырт­қа­ның қисаюы. Оның бірден төртке дейінгі кезеңі болады. Қазір балаларда 1-2 кезеңі көп кездеседі. Сколиоз адамның ішкі мүшелеріне кері әсерін тигізеді. Ол гаджетті көп пайдаланудан, онлайн сабақтың көптігінен, сөмкенің ауырлығынан пайда болуы мүмкін. Сколиозды болдырмау үшін түзу отырып, тік жүру керек. Сондай-ақ, бала ұйықтаған уақытта өзіне ыңғайлы болуы үшін қисық жатпауы керек. Бұл ішкі мүшелердің ұйқы барысында жұмыс жасауына кері әсерін тигізеді. Айталық, сағат түнгі 23.00-00.00 аралығында бала­лардың өсу процесі жү­реді. Бала түзу ұйықтау үшін көрпе-төсегінің тым жұмсақ болмауына, кішкене қатты болуына мән беру керек.

Ал бүкірлік кезде баланың бел омыртқасы ішке қарай майысыңқы, жамбасы шы­ғың­қы, қарны алдыға шығып кетеді. Екі иығы салбыраңқы болады. Бұл өкпенің дұрыс жұмыс жасамауына әкеледі. Ал өкпеге ауа жетпеу, дұрыс тыныс алмау пневмонияны асқындырады, – деді Жақсылық Шадай.

Байқасаңыз, әсіресе қыз балаларда оң аяқты сол аяқтың үстіне қойып отыру басым. Бұл әдет негізінен оқушы кезде қалыптасады. Маман аяқты бір-бірінің үстіне қойып отыру құйымшақтың қисаюына алып келетінін айтты. Құйымшақ адамның іргетасы сияқты. Жамбас сүйек қисайса, барлық мүшеде өзгеріс болып, мойын омыртқаға дейін қисаяды. Мойын омыртқаның қисаюы тыныс алу жүйелерінің, қолдың дұрыс жұмыс жасамауына, миға оттегінің дұрыс бармауына әкеледі.

– Сколиозды медици­на­лық жолмен рентген арқылы, сондай-ақ көзбен қарап-ақ анықтауға болады. Екі иық, шынтақ, жамбас сүйек, тізе, мойын омыртқаның қисық­тығынан, екі құлағынан білуге болады. Кішкентай балаларды еңкейткенде бұлшық еттері аз болғандықтан, омырт­­қалары анық көрінеді. Омыртқа сызығы бірден байқалады, – деді инструктор. 

Балалар арасында семіздік белең алды. Карантин себе­бі­нен көзге де күш түсіп тұр. Қадағаламаса, енді бүкір қарт­тарды емес, бүкір балаларды да көп көруіміз мүмкін. Бұл ретте тағы да ата-анадағы жауапкершілік салмағы артып тұрған секілді.

Айдана жұмадинова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<