Мемлекет басшысы «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін жүктелген міндеттерді орындау мемлекеттік органдар жұмысының азаматтармен ашық қарым-қатынас жасауға бағытталған жаңа форматын жандандыру мәселесі өзекті екенін атап көрсетті.
Осыған орай, 2020 жылдың ақпан айынан бастап облыс әкімдігінде Азаматтардың өтініштерімен жұмыс жасау бөлімі құрылып, жұмыс жасауда.
Аталған бөлім облыс әкіміне жазылған жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін тіркеу, қабылдау, талап-тілектердің мазмұнымен жете танысу жұмыстарын үйлестіреді және жергілікті атқарушы органдардағы өтініштердің сапалы әрі мерзімінде қаралуына бақылауды қамтамасыз етеді. Бұған қоса, биылғы жылдың шілде айынан өңірлік деңгейде азаматтарды қабылдайтын фронт-офис жұмысын бастады. Фронт-офисте азаматтардың қойылған мәселелеріне сәйкес түсіндірме беру жұмыстары, өтініштерді қабылдау және облыс әкімдігі басшылығының жеке қабылдауына жазылу шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар, Қызылорда қаласы әкімдігі жанында «Құқықтық қызмет көрсету орталығы» жұмыс жасауда. Осы жерде қызылордалықтар прокуратура, ішкі істер, әділет органдары, кірістер департаменті, әкімдік қызметкерлерінен, қорғаушылар мен медиаторлардан кеңес ала алады (карантин шараларының болуына байланысты азаматтарды қабылдауға уақытша шектеу қойылған).
Орталықта 2020 жылдың 1-жартыжылдығында 471 азамат өзекті мәселелермен қабылдауда болды. Олардың көтерген мәселелері – тұрғын үй, әлеуметтік көмек, жер және коммуналдық мәселелер.
Мұнан бөлек, барлық басқармалар мен аудандар, Қызылорда қаласы әкімдіктерінде халықпен «Кері байланысты» жүргізу мақсатында Telegram, Instagram, Youtubе, Twitter әлеуметтік желілері арқылы жеке парақшалар ашылып, өтініштер қабылдануда. «Facebook» әлеуметтік желісінде Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктерінің «Open Kyzylorda», «Open Aral», «Open Qazaly», «Open Qarmaqshy», «Open Zhalagash», «Open Syrdaria», «Open Shieli», «Open Janakorgan» жобалары жұмыс жасайды.
Осы жылдың 6 айында облыс әкімдігіне 1587 өтініш түсіп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралған. Өтініш білдірушілердің көтеріп отырған мәселелерінің басым бөлігі тұрғын үй және жер телімін сұрау, әлеуметтік көмек көрсету салалары болып отыр. Бұл салалар бойынша келіп түскен өтініштер, жалпы қабылданған өтініштердің 64%-ін құрайды. Осы бағыттағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында облыстық бюджеттен 2019 жылы – 5135 азаматқа 334,8 млн теңге, 2020 жылы 12 215 азаматқа 129,9 млн теңгеге әлеуметтік көмектер көрсетілді. Одан бөлек, «Біз біргеміз!» акциясы аясында 14 109 азаматқа 705,5 млн теңге қаржылай көмек берілді.
2019-2020 жылдары халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын азаматтарға 640 пәтер табысталды. Сонымен бірге, ҚР Президентінің көмекшісі-ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Т.Дүйсенованың тапсырмаларын орындау мақсатында облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді.
Іс-шараның негізгі міндеті – билік органдарының азаматтардың нақты әлеуметтік проблемаларын шеше отырып, тұрғындармен тікелей диалог орнату.
Осы хаттамалық тапсырмаға сәйкес, облыс әкімінің орынбасарлары мен Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, олардың орынбасарларының бірыңғай онлайн-қабылдауын әр жұма сайын жүргізу жоспарланып отыр. (Облыс әкімдігінің құқықтық актісімен бекітілген жетекшілік ететін мәселелері бойынша облыс әкімінің орынбасарлары: С.Ж.Сүлейменов – энергетика, газбен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауызсу, құрылыс, жол мәселелері, Төретам және Ақай елді мекендерін дамыту туралы. С.Ә.Ахмет – ішкі саясат, қоғамдық-саяси ахуал, мемлекеттік тіл, мәдениет, дене шынықтыру, спорт және жастар саясаты, отбасы және әйелдер мәселелері. Н.Ш.Тілешев – әлеуметтік-экономикалық даму, бюджеттік жоспарлау, салықтар мен төлемдер, индустриялық-инновациялық салалар бойынша, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері. Н.С.Байқадамов – білім, денсаулық, санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптары туралы. Жаханов Б.Д. – ауыл шаруашылығы, жер және су қатынастары, қоршаған ортаны қорғау, табиғат ресурстарын пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігі, мемлекеттік сатып алу мәселелері туралы).
Оған қоса, тамыз айынан бастап барлық деңгейдегі әкімдердің ресми сайттарында өтініштерді қабылдау, жеке қабылдауға жазылу, сондай-ақ жиі қойылатын сұрақтар бойынша парақшалары ашылып, таңдау сұрақтары енгізіліп жұмыс жасайтын болады.
Облыс әкімдігі басшылығының онлайн-қабылдау кестесі Қызылорда облысы әкімдігінің ресми сайтында жарияланатын болады.
Қызылорда облысы әкімінің аппараты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<