Оқу-ағарту министрін қабылдады

390

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты қабылдады.

Президентке еліміздегі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру салаларын дамыту мақсатында қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берілді.

Ғани Бейсембаев Президентке өткен жылы 137 мың оқушыға арналған 154 жаңа мектеп ашылғанын баяндады. Бұл 29 үш ауысымды, 12 апатты мектептің мәселесін шешкен. Жаңа оқу жылында 365 мың оқушыға есептелген 221 білім ошағын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мектептерді пәндік кабинеттермен жабдықтау көрсеткіші 2 есе артып, интернеттің сапасы жақсарған.

Оқу-ағарту министрі тәрбие жұмыстары басым бағыттардың бірі болып қала беретінін айтты. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» жалпыұлттық құндылықтарына негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды.

Мемлекет басшысына орта білім сапасын арттыру туралы айтылды. Мектеп оқулықтары толықтай цифрлық форматқа көшірілген. Қазақстан атынан халықаралық олимпиадаларға қатысқан әрбір екінші оқушы жүлделі орындарға ие болып жүр. Былтыр ел оқушылары 58 алтын медаль жеңіп алған.

Президентке техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау, инклюзивті және арнайы оқытуды дамыту жөніндегі жобалар таныстырылды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министріне саланы одан әрі жетілдіру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.

Alatau City жобасы талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының төрағасы Вонг Хэн Файнды қабылдады.

Кездесуде Alatau City жобасын жүзеге асыру перспективасы талқыланды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вонг Хэн Файн шетелдің инвестициясын, технологиясын және білім әлеуетін тарта отырып, Алатау қаласын тиімді дамыту жөнінде егжей-тегжейлі пікір алмасты.

Президент сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесе дайындалған Алатау қаласының Бас жоспары биыл мамыр айында қабылданғанын айтты.

Мемлекет басшысы осы тектес жобаларды жүзеге асыруда Вонг Хэн Файнның мол тәжірибесі бар екенін атап өтті. Сондықтан оның бас консультант ретінде берген ұсынымдары халықаралық бизнес-хабқа айналуды көздейтін жаңа қаланы жобалау және салу ісінде нақты нәтижеге ұласатынына сенім білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<