Оқу жылында біршама өзгерістер бар

1185

0

Өңірлік коммуникациялар орталығында жаңа оқу жылының басталуы және «Мектепке жол акциясы» туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов хабарлама жасады.

Биыл аймақтағы 295 мемлекеттік, 16 жекеменшік мектепте 182 мың оқушы білім алады деп күтілуде. Өткен жылмен салыстырғанда оқушылар саны – 5 мыңға артқан. Оның ішінде бірінші сыныпқа 17 898 бала барады.

Оқулық және оқу-әдістемелік кешендермен қамту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 1,4 млрд теңге қаржыға 637313 дана оқулық алынып, 25 тамызға дейін таратылады. Мектептер 100% интернет желісіне қосылған. Компьютерлік құрылғылар саны – 44127

Екі апатты мектептің (Арал №71, Жаңақорған №169) ғимараты жаңа оқу жылына тапсырылады. Ал Арал ауданындағы №248-ші мектептің құрылысы жеке инвестор есебінен басталса, Қазалы ауданындағы №94 мектептің жоба-сметалық құжаты әзірленуде. Сондай-ақ, 6 мектептің (Қармақшы №28, №85, №121, Сырдария №42, Жаңақорған  №55, Қызылорда №10)  күрделі жөндеу жұмыстарына 2,1 млрд теңге бөлінген.

Баяндамашының айтуынша, Жаңақорған ауданы Бірлік ауылындағы №55 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары биыл қазан айының соңында аяқталады. Мектепте 573 оқушы бар. Оған дейін оқу процесі ауылдағы  балабақша ғимаратында ұйымдастырылады.

– Жаңалықтың бірі – оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда 35 оқу аптасын, 2-11 сыныптарда 36 оқу аптасын құрайды. Ал оқу жылы бұрын 25 мамырда аяқталатын болса, енді 31 мамырға дейін жалғасады. Меншік және оқыту түріне қарамастан, білім беру ұйымдарына оқу процесін жүзеге асыруда педагогикалық кеңестің шешімі негізінде, Үлгілік оқу жоспарын таңдауға академиялық еркіндік беріледі.

Биылдан бастап 1-сынып оқушылары «Әліппе» және «Ана тілі» пәндерін оқиды. Ал «Көркем еңбек» пәні енді екі пәнге бөлініп, «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» сабақтары оқытылады. «Шетел тілі» және «орыс тілі» пәндері оқытылмайды. Сондай-ақ, 1-сыныпта оқушылардың оқу жетістіктері бағаланбайды. Тағы бір өзгеріс, «Өзін-өзі тану» пәні Үлгілік оқу жоспарының инвариантты компонентінен шығарылды, яғни, міндетті пән ретінде оқытылмайды.

Осы оқу жылында сыныпты екі топқа бөлу қалалық және ауылдық мектептерде бірдей, яғни, сыныпта 24 және одан да көп білім алушы болған кезде жүзеге асырылады (бұрын ауылдық мектептерде  сыныпта білім алушылар саны 20 оқушы болған жағдайда бөліп оқытылатын). Мектептер оқу тіліне қарамастан, мектептен тыс және жалпы мектепішілік іс-шараларды негізінен қазақ тілінде ұйымдастырады.

2022-2023 оқу жылында жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатын алуға үміткерлер үшін «Алгебра және анализ бастамалары» оқу пәні бойынша қорытынды аттестаттау (жазбаша емтихан) «Назарбаев зияткерлік мектебі», дербес білім беру ұйымдары филиалдарының базасында өткізіледі. Сонымен қатар, халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздары мен олардың мұғалімдеріне бір реттік ақшалай сыйақы беріледі. Ал педагог лауазымына тағайындау конкурстық негізде 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесімен педагогтың бос орнына өткізіледі. Сонымен бірге, жаңа талаптарға сәйкес педагогтар үш жылда кемінде бір рет біліктілігін арттыру курстарына қатысуы тиіс.

Білім күні барлық мектептерде салтанатты жиыннан бастау алады. Сондай-ақ,  1 қыркүйекте 1-11 сыныптарда «Балалар жылына» арналған «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және патриотизм» тақырыбында ашық сабақ өткізіледі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<