Санаулы күннен соң жаңа оқу жылы басталады. Өңірде дайындық қызу жүруде. Өткен жылы 330 мектепте 181 804 бала оқыса, биыл 184 924 оқушы білім нәрімен сусындайды. Ал 1-сыныпқа 17 383 бала қабылданады.
− 1 қыркүйекте «Мектебім – мейірім мекені» атты тақырыпта білім ошағының барлық қауымдастығының қатысуымен, 1-11 сынып оқушылары үшін салтанатты шара өтеді. 2 қыркүйекте «Менің Отаным – Қазақстан!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары болады.
Осы ретте айта кетуіміз қажет, 1 қыркүйек жексенбіге сәйкес келгендіктен, бұл күні жұмыс жасаған педагогтерге «Еңбек кодексіне» сәйкес ақы төленеді немесе басқа күндерде демалыс қарастырылады. Бұл жөнінде мектеп әкімшілігі шешім қабылдайды. Жаңа оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда 33, 2-11 сыныптарда 34 оқу аптасын құрайды. Сондай-ақ, тілдерді кезең- кезеңімен оқыту шеңберінде 3-сыныптарға «Шет тілі» пәнін оқыту енгізілсе, «Көркем еңбек», «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» пәндерін бөліп оқыту жалғасады, − дейді облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.
Биыл оқыту мен бағалауда жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңейтілмек. Одан бөлек өңірде 15 мектепте 1-сыныптан бастап шахмат арнайы пән ретінде оқытылады. Қазіргі таңда бастауыш сынып мұғалімдері арнайы біліктілік арттыру курстарынан өтуде. Цифрландыру және интерактивтік технологияларды оқу процесіне енгізу бағытында да түрлі шаралар атқарылуда. Мәселен, балалар қауіпсіздігін, асхана мен кітапхана жұмысын цифрландыруға облыстық бюджеттен 120 млн теңге қаржы бөлініп, 87 мектепке аппараттық бағдарламалық кешен орнатылды.
Мектептерде 865 жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытатын кабинет болса, биыл 56 жаңа пәндік кабинет сатып алуға 496 млн 871 мың теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ қала мектептері 484 интерактивті панель, 14 мектеп ЛЕД-экранмен жабдықталуда. Ал бастауыш сынып және ерекше қажеттілігі бар балалар үшін 17 интерактивті логопедтік құрылғы орнатылуда.
− Аймақта 6 ІТ мектеп-лицейге жасанды интеллект элементтерін тереңірек меңгерту үшін 878,2 млн теңгеге адам тәрізді роботтар алынды. «Қазақстан халқына» қоры арқылы ауылдық жерлердегі ресурстық орталықтар ретінде биыл 3 мектеп интерактивті және заманауи оқу кабинеттерімен қайта жабдықталуда. Мұнан басқа пилоттық мектеп педагогтері «Жасанды интеллект» және «Гейм Девелопмент» бағыттарымен 6 айлық курстан өтуде. Арнайы біліктілік арттыру курстарынан өткен педагогтер 2025 жылдың қаңтар айынан бастап оқушыларды бағыттар бойынша оқытуды бастайтын болады, − деді басқарма басшысы.
Айта кету керек, өңірде «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы құрылыстар, мектептердегі күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары өз деңгейінде жүруде. Қазіргі уақытта жаңа оқу жылына мектептер толық дайындалған.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<