Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Әбілқайыр Ерғалиев пен Жангерей Зинелов қант диабетімен ауыратын балалардың өмір сапасын жақсарту үшін өңірде арнайы мектептер құруды ұсынады. Дарындылардың бұл идеясы Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған Dostyk.kz әлеуметтік жобалар байқауында жоғары бағаланып, бірінші орынды иеленді.
Қызылордалық өрендер қант диабеті мектебін ашуды былтырдан бері жоспарлап келеді. Аурудың негізгі себептерін және оларды шешу жолдарын зерттеген олар бұл дертке шалдыққандардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ақпараттық материалдардың жеткіліксіз екенін байқаған екен.
– Өкінішке орай қазіргі таңда аймақта эндокринолог мамандары тапшы, науқастардың сауаттылығы да төмен болуы үлкен мәселе. Қант диабеті мектебінде балалар ауру салдарын алдын алу үшін денсаулықтарына бақылау жүргізуді, дұрыс тамақтануды үйренеді және кәсіби кеңестер ала алады, – деп түсіндірді Әбілқайыр.
Диабет мектебінің ерекшелігі – мұнда келушілер теориялық білім алып қана қоймай, практикалық дағдыларын да арттыра алады. Жоба авторлары диабетпен ауырғандарға арнайы дәрі-дәрмектер жинақталған медициналық сөмкелерді әзірледі. Сондай-ақ оқушылар аурудың алғашқы белгілері, себептері мен салдары, өздері жүргізген зерттеулері нәтижесінде инсулин дозасын есептеу және дерт түріне сәйкес тұтынуға рұқсат етілген қант мөлшері жайында ақпараттық брошюралар жасап шығарған.
– Бұл біздің аймақ үшін ноу-хау. Дертке шалдыққан жасөспірімдерге кездесетін қиындықтарды жеңуге көмектесеміз. Біздің басты мақсатымыз – қант диабеті қызықты өмір сүру үшін кедергі емес екенін түсіндіру. Егер жергілікті билік тарапынан қаржыландыру мен қолдау тапсақ, біз өз жобамызды жүзеге асыруға дайынбыз, – дейді Жангерей.
Балалар бұл жобаны алғаш рет жастар саясатын дамытуға бағытталған облыстық әлеуметтік идеялар байқауында таныстырды. Қазылар алқасы өзектілігі мен маңыздылығын бағалап, бірінші орынға лайықты деп таныды. Аталмыш хакатонға Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен барлығы 6 команда қатысып, тақырыптық жұмыстарын ұсынды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<