Облыс әкімінің қатысуымен Қызылорданың сол жағалауында «Қазгермұнай «БК» ЖШС-ның демеушілік қаражатына салынған «Оқушылар сарайы» өскелең ұрпақ игілігіне берілді.
Салтанатты іс-шараға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев қатысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жерлестерін жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
– Мемлекет басшысының қолдауымен бүгінде Қызылорда қарқынды құрылыс алаңына, өркенді өзгерістер өңіріне айналды. Облыста биыл 187 нысанның құрылысы салынуда. Тек білім саласында 9 нысан ел игілігіне берілді. Бүгін міне, «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2 млрд 350 млн теңгеге салынған 350 орындық заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» салтанатты ашылуына жиналдық.
Білім, ғылым, мәдениет және өнер саласының дамуы – өркениеттің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші. Қазіргі таңда өңірімізде 62 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ондағы үйірмелерге 60 663 оқушы қатысады.
Бұл ғимаратта балаларымыз бос уақытын тиімді өткізіп, пікірлес жаңа достар табады. Таным көкжиегін кеңейткен жас талапкерлер жаңалық ашып, жарқын болашағына қажетті дағдыларға машықтанады деп сенеміз. Сіздерді жаңа «Оқушылар сарайының» ашылуымен құттықтаймын!
Сыр өңірі күн сайын түрленіп, әсем ғимараттарымен айшықталып, тұрғындарымыз қуанышқа бөлене берсін! – деді облыс әкімі.
Рәсімде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Eсқазиев жиналған қауымды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Жобаға 2,4 млрд теңге бөлініп, құрылыс өткен жылдың желтоқсанында басталған. Заманауи, көпфункционалды кешен ішінде техноорталық, бағдарламалау, робототехника және өнеркәсіптік дизайн сыныптары, экологиялық зертхана, жылыжайлар мен қысқы бақ, телестудия, вокал, музыкалық аспаптар және хореография кабинеттері бар.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<