Қазалыда жасөспірімдер арасында болған жағдайға байланысты әлеуметтік желіде түрлі пікірлер айтылып жатыр. Құзырлы сала басшылары осы оқиғаға орай кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте түсіндірме берді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбеттің айтуынша, аудан орталығындағы №70 және №266 мектеп оқушылары арасында жанжал туындаған. Оқиға салдарынан №70 мектептің 9-сынып оқушысы зардап шеккен.
– Сол күні ауруханаға барып науқас баланың жағдайын білдім. Қазір де хабарласып, бақылап отырмыз. Оқиғаға байланысты мектептерде мұғалімдер, жоғары сынып оқушылары және ата-аналардың қатысуымен арнайы жиын өткізілді. Құзырлы орын басшылары тәрбие мәселесіне қатысты пікірлерін білдірді. Кемшіліктерге жол берген мамандар тиісті тәртіптік жазаға тартылады. Облыстағы барлық білім беру ұйымдарына тәрбие, тәртіп жұмыстарын күшейтуге тапсырма берілді, – деді басқарма басшысы.
Қазіргі таңда жарақат алған оқушының жағдайы жақсарып келеді. Дәрігерлер қажетті ем шараларын жасап жатыр.
– Жасөспірім теміржол ауруханасына ауысқаннан кейін оған облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері санавиация арқылы барып, денсаулығына тексеріс жүргізді. Баланың өміріне төніп тұрған қауіп жоқ, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов.
Облыстық полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Шәмшидин Әмитовтің айтуынша, жасөспірімді ұрып-соғу дерегіне қатысты күдіктілердің жеке басы анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Тиісті сараптамалар тағайындалған.
– Қазіргі уақытта Қазалы ауданында криминогенді ахуал тұрақты деп бағаланып отыр. Облыстық полиция департаментінде оқиғаға байланысты өткізілген жедел кеңес және тәртіптік кеңесте аталған құқық бұзушылықты дер кезінде анықтамай, кемшілікке жол берген Қазалы аудандық полиция бөлімінің басшысын қызметінен босату жөнінде ҚР Ішкі істер министрлігіне ұсыныс берілді. Одан бөлек, тағы 10 қызметкер қатаң тәртіптік жазаға тартылды. Олардың арасында жедел іздестіру қызметкерлері, ювеналды полиция мамандары бар. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жалғасуда, – деді ол.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<