Оқылымды он кітап

2193

0

Сөздің майын тамызып тұрып сөйлей алу үшін, көздің майын тамызып тұрып кітап оқу керек. Бұрын бір ғалымнан шәкірті «кітап сөремде қанша жинақ тұрса болады?» деп сұраған екен. Ұстазы «он кітап жетеді» деп қысқа қайырыпты. «Бірақ, ол он кітапты анықтау жолында мыңға жуық кітапты ақтаруға тура келеді» деп ойын түйіндеген екен. Иә, құндылықтың құны құлдырамайтыны әмбеге аян. Жастардың ойы ұялы телефонға ұялап қалған уақытта оқылымды он кітапты анықтау үшін кітапханаға ат басын бұрдық.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы мамандарының айтуынша, аймақтағы 209 кітапханада 4528759 кітап қоры бар. Осынша кітаптың оқырманға берілімі 352433 ғана. Ал кітапханаға келушілер саны 143025 болса, тіркелген оқырман саны 27053 екен.

Облыстық кітапханада оқылым жағынан көш басында тұрған көркем әдебеиеттер мен мотивациялық жинақтар. М.Әуезовтің «Абай жолы», Д.Клейсонның «Вавилонның ең бай адамы», Т.Әбдіктің «Оң қолы» мен «Парасат майданы», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айшасы», М.Айымбетовтің «Бопай ханымы», Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары» және Қ.Жолдыбайдың «Кемел адамы», Қ.Шомбайдың «Екінші болмасы», Д.Исабековтің «Қарғыны» ең көп оқылған кітаптар тізбегінде тұр.

– Қымбатшылық тек азық-түлікке ғана емес, кітапқа да әсер етті. Сол үшін кітапханаға жиі барып, сүйікті авторларды сол жерден оқығанды құп көремін. Рухани азықтың бағасы күрт шарықтап кеткені оқырманды ойландырып тастады. Электронды кітап оқуды құп көрмейтіндер көп, ал кітап қымбаттап жатқанда кітапханалардың оқытудың тиімді тәсілдерін тауып жатқаны жанды жылытады, – дейді облыстық кітапхананың тұрақты оқырманы З.Құрманай.

Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 21 кітапхана бар. Мұнда 645684 кітап қоры жинақталған. Бүгінде оқырмандар саны 3760-қа жеткен. ОКЖ директорының орынбасары Ақнұр Қыдырәліқызының айтуынша, 603500 кітап берілімі тіркелген, яғни, бұл кітап оқуды жанына серік еткен жандар сиремеген деген сөз.

ОКЖ-да ең көп оқылған кітаптың көшін С.Мұқановтың «Мөлдір махаббаты», М.Мақатаевтың «Жырлайды жүрегі», С.Мұратбековтің «Жусан исі», Қ.Жиенбайдың «Күн түспейтін терезесі», Б.Нұржекеұлының «Ерлі-зайыптылары» бастап, сұраныстағы кітаптар тізіміне іліккен.

– Кітап оқушылардың бүгінгі қарқыны мені қуантады. Бұған көбіне кітап саудасының оң әсер беріп жатқанын бағамдауға болады. Кітап саудасымен айналысатындардың жаңа жұмыс тәсілдері, әлеуметтік желілердегі таргет, қызықты стористер түсіру – бәрі де оқушының кітапқа қызығушылығын арттыруға үлкен үлес қосуда. Бұл – жақсы тенденция. Дүкендердегі кітаптың бағасы арзан емес. Өйткені қағаз бен бояудың бағасы қымбат. Білесіз, бұған дейін еліміздегі қағаздың басым бөлігі Ресейден тасылған. Қазір Ресейдің өзінде қағаз өндіру көлемінде айтарлықтай құлдырау бар, өйткені қағаз шикізатын ағартатын химиялық қоспаларды бұрынғыдай Батыс Еуропадан емін-еркін таси алмайды. Жалпы, баспа өндірісінде соғыс пен санкцияның салқыны сезіледі. Кітапты Астана мен Алматыдан онлайн тапсырыс беріп алдырсаңыз, жеткізу қызметінің құнын қосады. Бұл бізге кітап жазбауға, оны басып шығармауға немесе сатып алмауға себеп бола алмайды деп есептеймін. Кітап бізге бәрібір керек. Ең бастысы – сіз үшін маңызды және керек кітап болуы. Осы бүгін ғана Мәриям Әбсаттардың «Алаш зиялыларының соңғы сөзі» деген кітабына тапсырыс бердім, 5-6 күнде келу керек. Бұл кітапты қазір алмасам, кейін таба алмай қалам ба деп ойлап отырмын, өйткені бізде кітаптардың тиражы тым аз шығатынын да ұмытпауымыз керек. Қызықты деген кітаптардың таралымы жекелеген адамдар тұрмақ, Қазақстанның жалпы кітапханасының санына да жетпейді. Бұл бір жағынан кітаптың бағасына да әсер етеді. Өйткені, кітаптың таралымы аз болған сайын, бағасы қымбат, – деді «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары А.Абдуллаева.

Қалада мемлекеттік кітапханалардан бөлек жеке кітап дүкендері де дамып келеді. Әйткенмен, бұл жақтағы аудитория мүлде басқа. Жастар шетел әдебиеттері, аудармалар, діни кітаптармен қатар жігер беретін оқулықтарға құмар келеді.

– «Kitapal» дүкенінде 6 мың данадай кітап қоры бар. Бір күнде орта есеппен 50-70 адам келеді, 21-35 жас аралығындағылар. Екінші орында 15-21 жас аралығындағы оқырмандар тұр. Иә, бүгінде баспаханалар кітапты бұрынғы бағадан қымбатырақ сатып жатқаны рас. Алайда біз барынша бұрынғы бағада ұстап отырмыз. Тұрғындардың көбі соңғы, трендте тұрған кітаптарға қызығады, – деді менеджер Абдулла Тоғанас.

Әр кітапхана халықтың ықыласына бөленген, оң баға алған он кітапты осылайша жіпке тізіп берді. Иә, талғамға талас жоқ. Ақылына ақы сұрамайтын қазынаның үлкен қоры қолымызда тұрғанда білім нәрімен сусындағысы келетін жастардың көбейгені қуантады.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<