Қолымызға жерлесіміз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тынымбай Досбатырдың «Қосбасар» атты кітабы түсті. Кітапта автордың әр жылдары мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған туындылары, қоғамға қозғау салатын ойлы жазбалары жинақталған. Сонымен қатар, туған жер тарихын, ел мен жер қасиетін танытатын жыр шумақтары кітаптің көркемдігін арттыра түскендей.
Автор бұл еңбегін туғанына 130 және 110 жыл толған әкесі Сәден Досбатырұлы мен анасы Жахия Жеңсікбайқызының рухына арнаған екен.
Кітап «Журналист жазбалары», «Атадан қалған асыл сөз», «Өлең өрнектері» тақырыптарын қамтыған үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімдегі «Беймәлім нарықпен бетпе-бет» атты әңгімеде тәуелсіздік жылдарындағы елдегі еңбектің көрінісі, адамдар арасындағы қарым-қатынас, кәсіпкерліктің алғашқы қадамы жайлы сөз қозғалады. «Ауылдағы жиналыс», «Елден шыққан екі патриот» атты әңгімелері сатира сарынында жазылған. Оқырманға еріксіз езу тартқыза отырып, салмақты ой салып кетеді.
Екінші бөлім «Ораз ахунның тылсым киесі» әңгімесінен басталады. Жалпы бұл бөлім ескіден қалған есті сөз, әкеден естіген ғибратты әңгімелерімен құнды. «Әлдеберді атамыздың пірге қол беруі», «Метей атамыз жайлы» деп келетін жазбалар тылсым дүниенің сырын аңғартып, тағылымды ойға жетелейді.
Ал үшінші бөлімде өлең өрнектері орын алған. Айталық «Он сегіз», «Жүрек сыры», «Күй – құдырет», «Муза», «Көктемді аңсау», «Сырдария – Жырдария» өлеңдері – оқырманның көңіл күйін дөп басатын көркем туындылар.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<