Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бұл мемлекет, жұмыс беруші және еңбекке қабілетті азаматтар арасындағы ынтымақтастық нәтижесіне құрылған жүйе. Мұндай өзара қатынастың мақсаты – азаматтардың өз денсаулығына деген ортақ жауапкершілігін қалыптастыру, көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жоғарылату және қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржы көзі – аударымдар мен жарналар. Жарна – МӘМС жүйесінде медициналық көмек алуға құқық беретін жеке тұлғалардың (жалдамалы қызметкерлер, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар, жеке кәсіпкерлер) қорға төлейтін қаржысы. Аударымдар – жұмыс берушілердің өз қаражаты есебінен медициналық қызметтерді тұтынушы қызметкерлері үшін МӘМС жүйесінде медициналық көмек алуға құқық беретін төлемдері.
Облыстық әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалы берген мәліметі бойынша, қолданыстағы МӘМС жүйесі туралы заңға сәйкес жеке тұлғалар 2018 жылдың 1 қаңтарынан 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін, яғни МӘМС жүйесі қолданысқа енгізілгенге дейін жарна аударудан босатылды.
Ал, жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 30 қыркүйегі аралығында жеке кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер төлеген жарнаның жалпы сомасы республика бойынша 105 млрд теңгеден асты. Оның 96,4 млрд теңгесі (91,8%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,6 млрд теңге (8,2%) жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісім-шарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Қызылорда облысының жинағы МСҚ-ға түскен түсімдер мен жарналардың 2,8%-ін, 3 млрд көлемінде. Яғни, өңір бойынша 18 мыңнан астам төлемші (оның ішінде жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер және азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім-шартпен жұмыс атқарып жатқандар бар) бас-аяғы 200 мыңға тарта тұтынушы үшін қаржы аударып отыр.
Жинақталған қаржы Ұлттық банкте ашылған есеп-шотта сақталып, болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалатын болады. Еліміздің бас банкіне қор қаржысын сенімгерлік басқаруға беру туралы келісім-шарт бекітілген. Ұлттық Банк ҚР Үкіметі бекіткен инвестиция құралдарына бос қаржыны орналастыруға құқылы, бұл жағдайда барлық дивидендтер қорға қайтарылып, МӘМС пакеті аясында көрсетілген медициналық қызметтерді өтеуге жұмсалады.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<