Ораза және оның шарттары

2094

0

Жаратушының пендесіне берген сыйын санап тауыса алмайсыз. Дүниедегі жанды, жансыздың бәрі адамның несібесі үшін жаралған.  Рамазан – Алланың құлдарына берген осы несібелері үшін шүкіршілік ету айы. Сабыр айы.

Тозақ отынан қалқалайтын, жәннаттың кілтіне айналатын қасиеті ұлық болған ай. Бұл айда дені сау әрбір пендеге ораза ұстау парыз етілген. Біз сол парызымызды қалай өтеп жүрміз? Білместікпен шариғаттың шарттарына қайшы келіп, оразамызды тәрк қылып жүрген жоқпыз ба?

Осыған қатысты сұрақтарға  жауап іздедік.

Қасиетті айдың сәресінде Алла Тағаланың құлдарына шақыруы болады. Онда Алла пендесінен не қалайтынын сұрайды, оған ырызық та, шипа да береді. Бұл айда әрбір адам жақсылық жасауға ұмтылуы керек. Рамазан – жақсы амалдар сауабының мың есеге артатын айы. Алла әр пендеге ғабылдықта қалмай, жайын жұмақтан дайындауды нәсіп етсін.

 Алдымен, «Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді? Ауыз бекітпесе ораза бұзылмай ма?» деген сұраққа келейік.

Бұзылмайды. Сәресіне тұрмаған кісі сол күнгі оразасына ниет етіп, ештеңе жеместен ауыз бекітеді. Себебі, Пайғамбарымыз «Ашура күні» жаршыға былай жария етуді бұйырды: «Кім бір нәрсе жеп қойған болса, аузын күннің соңына дейін берік етіп тәмәмдасын. Ал, ештеңе жемеген адам, сол күйінше жемесін!» Бұл хадистен түсінетіміз, ораза кезінде сәресіге тұрмай таң атырған кісі де сол күнгі оразасын ұстайды.  

Көпшілік жұрт «оразада жуынуға болмайды, өзен-көлге түсуге тыйым бар» деген ойда.

Мұның жауабы былай: Ораза кезінде салқындау, жеңілдеу мақсатында үйдегі себезгі суға, өзен-көлге, т.б. жерлерге шомылуға немесе ғұсылдануға болады. Тек, ауыздан не мұрыннан ішке су кетіп қалмауын байқау керек. Әбу Дәуіттен риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыздың аузы берік бола тұра ыстықтағандықтан немесе қатты шөлдегендіктен басына су құйғандығы айтылады. Шомылу барысында құлағына кірген су да оразаны бұзбайды дейді ғалымдарымыз.

Ал, «сағыз шайнауға, дәрі ектіруге, система салдыруға, тіс жұлдыруға бола ма?» деген сұрақ туса ше?

Кей жағдайларда табиғи жолдармен қоректене алмайтын кісілерге денені азықтандыру үшін инъекция жасалып жатады. Қазіргі таңдағы ғалымдарымыз мұндай ине салу немесе система алу оразаны бұзады дейді. Ал, одан өзгелері азық болмағандықтан әрі табиғи жолдармен асқазанға түспегендіктен оразаны бұзбайды деп отыр. Мұны имамдар кешегі коронавируске қарсы екпе кезінде де айтты. Ендеше, ем үшін салғызатын ине салу мен система алу оразаңызды бұзбайды. Алайда, оразадан әлсіреген денеге қуат беретін дәрі егуге аузы берік кісіге рұқсат жоқ. Ондай дәріні тек ауыз ашқаннан кейін ғана егуге болады.

Сағыздың дәмінен ауызда тәтті сұйықтық пайда болып, ол асқазанға түсетіндіктен, ораза бұзылады. Әрі бұл азық қатарына жататындықтан, бұған кәфәрат қазасын өтеуіңізге тура келеді. Сағыз шайнап, тәтті сұйықтықты жұтқан адам рамазан айынан кейін екі ай үзбестен ораза ұстайды. Бұл жаңа сағыз үшін. Ал, бұған дейін шайналған, тәтті дәмі қалмаған ескі сағызды шайнауға келетін болсақ, бұл мәкрүк болып саналады. Егер сағызды ораза кезінде ауыздағы жағымсыз иісті кетіру мақсатында шайнағыңыз келсе, бұдан басқа тәсілдерге жүгінуге болады. Атап айтсақ, сағыздың орнына мисуак немесе тіс пастасын қолданған орынды. Тек тіс пастасының көбігін жұтып қоймауды қатаң қадағалау керек. Егер байқаусызда ішке кетіп қалған болса, онда сол күнгі оразаның қазасын ғана өтейсіз. Кәфәрат керек емес. Себебі, тіс пастасы азыққа саналмайды.

Тіс жұлдыру да оразаны бұзбайды. Тіс жұлынғанда салынатын ине де ішке «табиғи емес» жолдармен енетіндіктен, бүгінгі ғұламаларымыз ол да оразаны бұзбайды деген. 

«Әйелдер көпшілік жерге баратын болса, бетіне опа-далап, крем жағады. Бұл оразаны бұзбай ма?» «Жүкті әйелге ораза ұстау керек пе?»

Мұндай сұрақтардың тууы да әбден мүмкін. 

Терідегі ұсақ тесіктер арқылы ет пен терінің арасына сіңетін заттар оразаны бұзбайды. Мысалы, крем жағу, май жағу, судың ішінде ұзақ тұру, жараның бетіне дәрі таңу, т.б. Тек крем не майды жаққан кезде тым қалыңдатпаған жөн. Себебі, қалың жағылған крем не май дәрет алғанда суды теріге жеткізбеуі мүмкін. Ал, теріге су тимеген соң дәрет дұрыс болмайды. 

Шариғатта құрсақтағы немесе емізулі балаға зияны тиеді деп қауіптенген анаға Рамазан оразасын  тұтпай, кейінге қалдыруына рұқсат. Сахаба Әнәс бин Мәликтен риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз: «…Күмәнсіз Алла Тағала сапардағы адамға намазды қысқартып, ал оразаны жолаушыға және жүкті әйел мен емізулі әйелге міндеттемеді…», – деді.

«Намазы жоқтың оразасы қабыл ма?» Ең өзекті сұрақтың бірі – осы.

Намаз оқымайтын кісі ораза ұстаса, ұстаған оразасының сауабын алады. Алайда, күнәдан да құтылмайды. Өйткені, намаз – мұсылмандығымыздың белгісі.  Ардақты Пайғамбарымыз бұл жайында: «Шындығында, мұсылман мен кәпір және мүшриктердің  аражігін айырар белгі – намаз оқу», – дейді. Сондықтан да, ораза мен намаз қатар жүрсе, нұр үстіне нұр.

Кей кісілер «жұмыстың ауырлығынан ораза тұта алмадым» дегенді айтады. Бұған имамдар не дейді?

Оразаның өзінде нәпсімізге қиын келетін тұсы бар. Оның мәнінің бір қыры да нәпсімізді басып, ноқталап, құлқынымыздың ашкөздігін Алла ризашылығы үшін тәрбилеуде жатыр. Ендеше, жұмыс барысында ораза ұстау өлімге алып келетіндей қауіп тудырмаса немесе денсаулығымызға айтарлықтай нұқсан келтірмейтін болса, яки, бас айналып, құлап қалатындай күйге түспесеңіз, аздап қиналатынымыз үшін Алланың бұйрығынан бет бұрғанымыз жөн емес. Алла Тағала құдси хадистің бірінде: «Адам баласының барлық амалы өзі үшін жазылады. Алайда, оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек мен беремін. Өйткені, ол тек менің разылығым үшін ішіп-жеуден бас тартты. Ораза ұстаған адамның екі қуанышты сәті бар: біреуі ауызашар уақыты, екіншісі Алла Тағаламен қауышар сәті. Ораза ұстаған адамның аузынан шыққан иіс мен үшін жұпар иісті мисктен артық», – деген.

Қазіргі заманда екі күннің бірінде ұшаққа мініп, іссапарлап жүретін қызметтің адамы көп. Ал, олардың аузы берік. Осыған орай «Ұшақтағы адам ауызашар уақытын қалай анықтайды, жалпы жолаушы міндетті түрде ауыз ашуы керек пе?» – деген сұрақ шығады.

Ұшақтағы адам жергілікті ораза кестесін емес, күннің батуын негізге алады. Мысалы, жергілікті кестеде «сағат осыншада ауызашар» дегенімен, ұшақтағы адамға күн әлі батпаса, ол кісі кестедегі уақытқа емес, күннің батуына қарайды. Кесте уақыты жердегі ораза ұстаушылар үшін арналған. Өйткені, Құранда айтылғандай, сәресіні ішуді тоқтату уақыты таң қылаң бере бастауымен, ауызашар уақыты күннің батуымен білінеді. Бұл жолаушы кезде оразасын бұзғысы келмегендер үшін. Ал, жалпы дініміз сапарда ауыз ашуға рұқсат етеді. Сөздің түйіні, кесте кейін жасалған, уақытты анық білсін, бірізділік болсын деген ниеттен шыққан. Негізі жаңа айтқанымыздай оразаның ауызашар мен ауыз бекіту кезі – таңның қылаң беруі және күннің ұясына толық батуы. Баяғыда әке-шешелеріміз ақ жіп пен қара жіптің айырмасы білінбейтін уақытта ауыз ашасың деп отыратын.

Жаратушы Иеміз ораза кезінде пенделеріне кейбір жағдайда ораза ұстамауға рұқсат еткен. Сол рұқсаттардың бірі – жол жүргенде ораза ұстамау. Ауызы берік адам өзінің тұрақты жерінен ең кемі 85-90 шақырым ұзақтықтағы жерге жолға ниеттеніп шықса, ол кісіге ораза ұстамауына рұқсат етіледі. Бірақ – міндет емес. Кімде-кімнің жолаушы кезінде оразаға қауқары жетсе, аузын ашқаннан гөрі оразасын жалғастыра бергені абзал.

«Ораза ұстауға шын мәнінде шамасы жетпейтіндер болады. Олар не істейді?» Дін адамдары бұған былайша жауап береді.

Шариғатта ауруларының айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпейтін  қарт кісілер Рамазанның әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Бұны «фидия» дейді. Фидияны ақшалай да беруге болады. Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең, яки, кешке тамақтандыру жеткілікті. Фидия беруге шамасы келмесе Алладан кешірім тілейді.

***

Мен бүгінгі сұрақтардың жауабын белгілі имамдардың айтқан сөзінен алдым. Бұл жайттарды жақынырақ білгісі келгендер дін оқуы бар кісілермен не көпті көрген ақсақалдармен әңгімелессін.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»