Оразаның қасиеті

1972

0

Фото: ашық дереккөз

Менің үлкен атам Битуған деген кісі діни сауатты, тақуа адам болған екен. Баласы Дәулет атамызды да жастайынан арабша оқытып, діни сауатын ашыпты. Дәулет атамыз ірі денелі, қайратты адам болған деседі. Ол кісі 1928-1936 жылдары Қазалы станциясында мешіттің бас имамы болыпты. Бес уақыт намазы мен оразасын қаза қылмай ұстап, жас балаларды оқытып, діни сауатын ашқан. Бірақ та Кеңес үкіметінің дінге деген көзқарасынан ол кісі көп қудаланған, кітаптарын үйге келіп, тартып алып, өртеген.

Анамыз Айбарша кезінде осындай әңгімелерді көп айтып отырушы еді. Ол кісі намаз оқып, ораза ұстап, таза жүрген. Дәулет ата науқастанған кезде, бағып, батасын алған. Анамыз иман жүзді, көріпкелдігі бар, түс жорығыш жан еді. Аталарымыздың діни ілімі балалары Ишанқұл мен Әбдімәжитке дарымапты. Себебі, оларды да көп уақыт бойы «молданың балалары» деп жұмысқа алмаған. Әкемнің ағасы Ишанқұлға соғысқа аттанарда Дәулет атамыз бір кішкене ғана дұға оқып жазып берген екен, соның себебі болды ма, ол кісі ІІ дүниежүзілік соғысқа басынан аяғына дейін қатысып, ешбір жарақат алмай, аман-сау елге оралды. Ал әкеміз Әбдімәжит теміржолда машинист болып, соғысқа оқ-дәрілер тасыған неміс ұшақтарының бомбалауынан көп жарақат алған, кейіннен «Құрметті теміржолшы» атағын алып, зейнеткерлікке шықты, 63 жасында қайтыс болды. Ал енді менің айтайын дегенім, «Адам баласы Құран оқып, ораза ұстап, Алланың жолымен түзу жүрсе, Алла да ондай жанға өз мейірімін төгіп, бір жақсы қабілеттер дарытады-ау!» деген ойдамын.

Міне, 7 жыл ораза ұстап келемін. Байқағаным, бұрын тамаққа тоймай жүрген адам ораза ұстаса, ауызашарда бір жұтым суға да риза болып, тағамды аз ғана ішкеннің өзінде тойып шыға келеді екен. Анамның айтуынша, «Ораза барлық адамдарды теңестіреді, бай немесе кедей болсын, патша немесе жай адам болсын, шаруа немесе жұмысшы болсын, барлығы да Алланың үкіміне бағынып, Алланың құлы екенін ораза кезінде түсінеді» дейді. Ораза айы – адамның пенделік қылықтардан арылып, ішіп-жеуден уақытша болса да тыйылып, періштеге ұқсайтын сәті. Алғаш рет ораза ұстаушыға алғашқы бір апта өте қиын сияқты болып көрінуі мүмкін. Ал бір жұмадан соң, барлық қиындықтар артта қалып, ораза кестесіне адам өзінің қалай қалыптасқанын  сезбей де қалады. Сағат шырылдамай-ақ, өзінен-өзі белгілі уақытта тұрып, сәресі ішіп, өзін өте жеңіл сезінеді. Отыз күндік ораза отыз сағаттай тез өтеді де шығады. Сенбесеңіздер, ораза ұстап көріңіздер!

Айбол Әбдімәжитұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<