Ордазы қалалар тобының өмір сүру кезеңі нақтыланды

742

0

Ордазы қалалар тобында 2017 жылы Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңес шешімімен археологиялық зерттеу жұмыстары басталды. Экспедиция құрамында Қорқыт Ата университетінің ғалымдары мен студенттері, Шығыс халықтары өнерінің Мемлекеттік музейі (РФ), ҚР Ұлттық музейінің ғалымдары бар.

Ордазы қалалар тобы (Сортөбе 1, 2 және 3) Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінен батысқа қарай 12 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалау иінінде орналасқан. Бүгінде Сортөбе 1 және Сортөбе 2 қалашықтарында, Сортөбе қорымында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Қазба барысында ескерткіштердің төрт құрылыс кезеңі анықталып, әр кезеңге жататын екі немесе үш бөлмелі тұрғын үйлер орны ашылды. Тұрғын үйдің негізгі жатын үлкен бөлмесі, Г немесе П әрпіне ұқсас суфалармен, тандыр ошақпен, қошқар мүйіз тәріздес керамикалық тұғырнамасы бар орталық ошақтан тұрады. Жатын бөлменің екі жағында тұрмыстық бөлмелер орналасқан.

Ордазы қалаларын зерттеуде археологиялық қазба жұмыстарымен қатар жаратылыстану ғылымдарының әдістерін де қолданылып келеді. Жалпы генетика және цитология институтының популяциялық генетика зертханасында Сортөбе 2 қалашығының қорымынан табылған адамның қаңқасы зерттелуде. Литваның Вилниус университетінің зертханасын қажетті анализдерді жіберу арқылы ескерткіштердің нақты мерзімі анықталды. Зертттеу нәтижелері бойынша Сортөбе 1 қалашығы IX-X ғғ., Сортөбе 2 қалашығы болса XI-XII ғғ. мерзімделіп отыр. Ғалымдардың пікірінше бұл сараптаманың қорытындысы  археологиялық деректермен де сәйкес келеді.

Сонымен қатар, Қорқыт Ата университетінің ғалымдары жүргізген барлау зерттеулерінің нәтижесінде Сыр өңірінде 30 жуық оғыз кезеңінің қалалары анықталып отыр. Оларды «Жанкент», «Жент», «Шығыс асарлар», «Ордазы» топтарына бөлуге болады.

«Ордазы» атауын ф.ғ.к. Болат Боранбай «Кіші Орда», «Кіші Сарай» деген мағына береді деп болжамдайды. Олай болса, Жанкент оғыз мемлекетінің астанасы болса, Ордазы оғыздардың Кіші Ордасы болуы мүмкін. Бұл тың деректер оғыз археологиясы ғана емес, оғыз тарихы үшін де ақтаңдақтардың орнын толтырары сөзсіз» – дейді Қорқыт Ата атындағы ҚУ Археология және этнография ғылыми орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев.