Орхидеяны үйде өсіргісі келетіндер үшін үш кеңес

787

0

Орхидеяны үйде өсіргісі келетіндер үшін  үш кеңес Әлемде орхидеяның 25 мыңнан астам түрі кездеседі екен. Орхидея – ерекше күтімді, баптауды қажет ететін гүл. Бірақ ол соған тұрарлық.
Орхидея – тропикалық өсімдік. Ол махаббаттың, үндестіктің, әдемілік пен отбасылық жайлылықтың белгісі іспеттес. Сондықтан болар, қазіргі кезде бұл гүлді өсірушілер қатары өте көп екен. Алайда жасыл өсімдіктер, оның ішінде гүлдер сәбилер секілді өте нәзік келеді. Оларға да балаға қарағандай мейірім, махаббатпен қараса өте тез, әрі жақсы өсетін болады.
Осыған дейін бөлме гүлдерінің күтімі, олардың зиянкес ауруларымен күресу турасында, жалпы пайдасы жөнінде жазып жүрміз. Ал бүгінгі тақырыбымыз бір ғана орхидея гүліне арналады. Оның кереметтей түрлі түсті гүлдері көңілге қуаныш сыйлайтыны анық. Үй -тұрмыс айдарында орхидея гүлін өсіру, күтіп баптау жайында кеңес береміз.
 1. ОРХИДЕЯНЫ қай уақытта сатып алған жөн?
Орхидеяны өсіргісі келгендер, гүлді жылдың кез келген мезгілінде арнайы дүкендерден таба алады. Алайда сырттағы ауа температурасы 0-ден төмен кезде аталған гүлді сатып алуға болмайды. Себебі ол жылуды қатты жақсы көретін болғандықтан үйге жеткізем дегенше тез үсіп қалуы мүмкін.
 2. ГҮЛДІ қалай таңдау керек?
Орхидея – өсіруі өте қиын гүлдердің қатарына жатады. Сондықтан оны сатып аларда бірнеше маңызды жайттарды ескерген жөн. Гүл ашып тұрғаны немесе жас орхидея Негізі көпшілігіміз гүлді өсіріп, оның гүлдетуге уақыт жұмсағанша бірден дайынын алып жайқалтып қойғанды дұрыс көреміз. Алайда орхидеяның гүлдеп тұрғандарын алудың да кейбір кемшін тұстары бар. Орхидеяның кейбір түрлері өзінің әдемі гүлдерін бірнеше жыл бойына ашып тұруы мүмкін. Бұл оның бар күшін алып қояды да, кейін өліп қалуы ықтимал. Ал оның қанша уақыттан бері гүлдеп тұрғанын тап басып айту қиын. Бір жағынан жас орхидеялар қондырған соң түріне қарай араға бірнеше уақыт, жылдар салып гүлдейді. Сондықтан гүлдеп тұрғанын сатып алып, өсіруге кеткен уақытты үнемдеуге болады. Егер гүлдеп тұрған орхидея сатып алатын болсаңыз, онда ашылмаған қауызы (бутон) көбін алған дұрыс. Дүкендегі тұрған орнына назар аудару керек Орхидеяны сатып алар кезде ең бірінші оның тұрған орнына, жағдайына мән беру керек. Гүл тұрған сөре құрғақ әрі таза болғаны дұрыс. Ал гүлдер жаңадан суғарылған болса, онда ыдыстың астындағы тәрелкеде су болмағы жөн. Бұл әсіресе күн салқын кезде өте маңызды. Гүлді топырағы құрғақ күйінде алу керек. Сонда ол тасымалдауды жақсы көтереді және үй жағдайына тез бейімделеді. Ыдысқа қалай отырғызылғанын қараңыз Гүлді сатып алардан бұрын оның ыдыста қаншалықты нық отырған байқау керек. Бұл үшін гүлдің ортаңғы негізгі бөлігінен ұстап ақырын қозғап көрсеңіз болғаны. Мұны аса ұқыппен жасамасаңыз, гүлді сындырып алуыңыз мүмкін. Егер гүл нық отырмаған, оп-оңай тербеліп тұрса, онда ол жақында ғана қондырылған болуы мүмкін.
Ал жаңа қондырылған гүлдер топыраққа тамыр тартып, көндігіп үлгермейді. Сондықтан қалыпты орнын ауыстырған кезде мүлде көтере алмауы мүмкін. Тамыры қандай болуы тиіс? Іші көрініп тұратын (прозрачный) ыдыстағы гүлді алған дұрыс. Сонда оның ең маңызды бөлігі тамырын қарап алуға мүмкіндік мол болады. Ауырмаған, жақсы орхидеяның тамыры нығыз, қатты болады. Құрғақ топырақтағы тамыр ашық жасыл түсті, ал сулы топырақтағысы қанық жасыл түсті болғаны дұрыс. Сұр, қоңыр түсті тамырлар жақсы емес, олар ауырған, немесе қурап қалуға жақын.
 Егер тамырлар топырақтан шамалы шығып көрініп тұрса, бұдан қорқудың қажеті жоқ, бұл қалыпты жағдай. Гүлдің жапырақтары оның жағдайынан хабар береді Жапырақтар – біркелкі, қанық жасыл түсті, қатты, нығыз болса, демек гүл де өте жақсы жағдайда. Мұндай гүлді ойланбай сатып алуға болады.
3. ОРХИДЕЯНЫ үйде қалай күтіп-баптайды?
 Орхидея жақсы өсіп, гүлдеп тұруы үшін, оған мол жарық керек. Сондықтан оған күннің жарығы түсетін уақыт ұзақтығы 12-15 сағаттан кем болмауы тиіс. Ал қыс мезгілінде шамның жарығын қолданған жөн. Орхидеяны батыс немесе шығыс жақ терезеге қойған дұрыс. Бөлме температурасы 20-23 градустан кем болмауы керек.
Суғаруында да сыр бар
Орхидея бірқалыпты суғаруды және ауаның жоғары ылғалдылығын қажет етеді. Сондықтан орхидеяның қасына суы бар ыдыс қойып қоюға немесе жиі-жиі су шашып тұруға болады. Тек су шашқан кезде судың гүлге тиіп кетпеуін қадағалап, оны таңертеңгі мезгілде суарған жөн. Бөлме температурасындағы су ғана жарайды. Жазда аптасына 2-3 рет суғару керек болса, қыста суды сирек шашып, құрғақтау ұстаған жөн.
Құнарландыру тәсілі
Орхидея тек өсу кезінде ғана құнарландыруды қажет етеді. Мұндай кезде 2-3 аптада бір рет арнайы тыңайтқышпен құнарландыру керек. Орхидеяға арналған арнайы тыңайтқышты алып, қаптамасында көрсетілгендей етіп бөліктерге бөліп, қолдану қажет. Суық кезде құнарландырмай-ақ қойған жөн.
 Қайта отырғызу
Кез-келген орхидеяның топырағы мен ыдысын екі жылда бір рет ауыстыру керек. Осы уақыт ішінде топырақ құрамындағы құнар азайып, тамырдың күш алуы қиындайды. Қайта отырғызудың қиындығы жоқ, бар болғаны бұрынғы ыдысынан жаңа ыдысқа ауыстырып, біраз күтім жасалса болғаны. Күтіп бапталған, жақсы қаралған орхидея егесінің ұқыптылығын көрсетеді, әрі үй ішіне жайлылық пен сұлулық сыйлайды.
Дайындаған:
Эльмира Базарбаева,
ERNUR.KZ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<