Орманға қорған болған

908

0

Табиғат, орман, қоршаған орта, Жер-Ана – адамның қалыпты өмір сүруі үшін басты мәнге ие болған қасиетті де қастерлі сөздер. Ата-бабаларымыз аса көрегендікпен, кемеңгерлікпен: «Көзіңді қалдыр – бұлақ көзін аша жүр, ізіңді қалдыр – жақсылық мұра шаша жүр, өзіңді қалдыр – бау өсіріп жаса нұр» деген екен.
Бабаларымыз үш түрлі әрекетті теңдесі жоқ сауап деп білген: ол шөлге құдық қазған, өзенге көпір салған, жерге ағаш еккен.

Атақты ғалым К.Тимирязев «Орманшы – ертеңгі күннің адамы» деген екен. Бұл қанатты сөздің астарында зор мағына жатыр. Бәлкім, сен бүгінгі еккен ағашыңның зейнетін өзің көре алмауың мүмкін, алайда келер ұрпақ сен отырғызған сол ағаш, сол орман үшін рахметін айтады. Әйтеуір бұл өмірде ағаш егіп, оны қорғаған адамдар есте қалады. Сондай жандардың бірі – орманшы Сақтаған Ешмаханов.


Бүкіл ғұмырын облыстың орман шаруашылығын дамы­туға арнаған абзал жан өмірінің 75 жас деген беле­сіне шығып отыр. Кейіп­керіміздің басты қасиеті – ол қарапайымдылық. Сол қарапайымдылығының арқа­сында бойына адамгершілік, адалдық, шыншылдық, бауыр­малдылық, жанашырлық қа­­­­сиет­терді ұялата білді. Сақ­­­­таған осындай игі қасиет­терімен айналасына мейірім шуағын шашумен жүр. Ақи­қаттың ақ жолынан адас­паған, ақыл-ой парасаты мол, өмір жолымен сүрінбей жүріп кемеліне келген азамат.


С.Ешмаханов айдынды Арал ауданының Ленин ауыл­дық кеңесіне қарасты Аққұм елді мекенінде 1946 жылы ­шаруа отбасында дүниеге келді. Ата-анасы қарапайым еңбек адамдары еді. Орта мектепті 1965 жылы бітіріп, Алматы қаласындағы қазақтың «Еңбек Қызыл Ту» орденді Ауыл шаруашылығы институтына түсті. 1970 жылы аталған оқу орнынан орман шаруашылығы инженері ма­мандығын алып шықты.


Талабы таудай азамат еңбек жолын Қазалы ауданындағы орман шаруашылығы меке­месінде орман инженері болудан бастады. Бертін келе, осы мекеменің бас орманшысы (ди­ректордың орынбасары) қыз­метін атқарды. Бір орында 40 жылдан астам тапжылмай қызмет атқарған орманшы маман облыста өте сирек, тіпті жоқ десек те болады. Оның еңбек кітапшасында бір жыл Қазалы ауданындағы қазіргі Ақтан батыр ауылы (бұрынғы Партияның XXII съезі атындағы кеңшар) дирек­торының орынбасары, кейін үш жылдай Арал ауда­ны мелиорациялық станциясының директоры қыз­меттерінде болды деп жазылыпты.

45 жыл еңбек өтілімен 2009 жылы зейнеткерлікке шықты. Сәкең – еңбек жолында талай белес­терден, өткелдерден өтіп зор абыройға ие болған қарапайым азамат. Туған жерінің таби­ғатын, халқын сүйген ол орманшы деген атақты өзінің басты кредосы етіп алды. Мамандығына шын берілген еңбек адамы онсыз өмірін елес­тете алмайды.


Еңбек жолында қажы­р­лылықпен талай қиын­дық­тарды жеңді. Білме­генін өмір үйретті, қателескен жерін өзі түзеді. Оны бүгінгідей қарымы кең азамат дәрежесіне жеткізген алдымен Құдай, сосынғысы тынбай еткен еңбегі, талпынысы. Ол еңбек еткен жылдары орман шаруашылығы мекемесі талай табыстарға жетті, өрттен, заң бұзушылықтардан қорғау, көлемін молайту, ағаш кө­шеттерін өсіру жұмыстары белсенді жүргізілді. Мекеме облыста алдыңғы қатардан көрінді.


С.Ешмаханов Қазалы ­ ор­ман шаруашылығы меке­ме­сінде еңбек еткен жылдар Арал проблемасымен бетпе-бет келген қиын кезең болды. 1990 жылдардың басында алғаш рет Аралдың құрғаған ұлтанына сексеуіл, сарсазан егу жұмыстары басталды. Мекеме осы жұмыстардың базалық орталығы болды. 1991-1994 жылдары облыстық орман шаруашылығы басқар­масының басшысы болған Мұхитдин Исмайлов былай деп еске алады.


«…Ең алғаш Аралдың ұлтанын көргендегі көрініс естен кетпейді. Сұмдық көрініс. Айнала теп-тегіс, 10-15 см қалыңдықта жатқан ақ тұз бен борпылдақ құм. Адам аяғы салмағымен 4-5 елі борпылдақ жерге кіріп тұрады. Ұлтанда миллиондаған те­ңіздің жәндігі – ракушниктің қаңқасы.

Ешқандай өсімдік, жәндік, жалпы тіршіліктің белгісі жоқ. Нағыз Айдың бетінде тұрғандай сезінесің. Адамның көзіне ешнәрсе көрін­­бегендіктен, басың айнала бастайды, оның үстіне жерде жатқан ақ тұздан сәл екпін болса да ақ тозаң ұшып жердің беті қозғалып тұрғандай әсер етеді. Басың одан бетер айналады…».


Міне, осындай жағдайда Аралдың құрғаған ұлтанына сексеуіл, сарсазан егу жұмыс­тарына облыстағы барлық орман шаруашылығы меке­мелері қатысты. 1991-1993 жылдары 54 мың гектар жерге егілді. Қазір бұл жерге сексеуіл орманы өсіп, аң-құстардың мекеніне айналды. Бастысы, осы аумақтағы теңіз ұлтанынан тұздың ұшуы тоқтады. Мұнда жұмыс істеген адамдардың барлығын сол кезеңнің батырлары, ерлері деуге болады. Бұлар Аралдың құрғаған табанында жұмыс жүргізіп, теңіздің тамшысындай болса да өз үлестерін қосқан алғашқы қарлығаштар еді. Аралдың әлі де 3,5-4,0 млн гектар ашық жатқан ұлтанында бұл жұмыс жалғасын табуда.


Арал проблемасына байланысты 90-жылдары Ғылым академиясының академигі, Лениндік сыйлықтың лау­реаты Э.Госсен, Ботаника институтының ғалымы, ауыл­ шаруашылығы ғы­лым­­­­дарының докторы Н.Куроч­кина, ауыл шаруашылығы ғылымдарын докторы, ака­­­демик С.Байзақов, ауыл ­шар­­­­уашылығы ғылым­да­ры­­­­­ның докторы С.Ысқақов, ауыл­ шар­уа­шы­лы­ғы ғылым­дарының кандидаты, ғалым В.Каверин об­лысқа келіп жұмыстармен танысты. Со­лардың нақты ұсыныс­тары­ның нәтижесінде көптеген мәселелер шешілді. Ғалымдар мен облыстық басқарманың басшысы М.Исмайловпен бірге Аралдың табанына барғанда суырған ақ тұз бен құмнан, алапат дауылдан ешнәрсе көрінбейтін еді. Ғалымдарды Аралдың атақты балықшысы, Мемлекеттік сый­лықтың ие­гері Нарғали Демеуовтің ақ дастарханынан дәм татырғаны Сақтағанның әлі күнге дейін есінде сақ­талып қалыпты. В.Каверин бастаған делегация құрамында Өзбекстанға бірге барды. Бүгінде Арал қасіреті жай­лы өмірлік тәжірибе жи­нақ­тағанын еске алады.

В.Каверинмен оның өмірінің со­ңына дейін хат-хабар алысып тұрды.
Парасат-пайымы мол Сәкең көпшілік жиналған жер­де әбестік танытпайды, мақ­танып масаттанбайды, қарапайым қалпын сақтайды. «Ұлық болсаң, кішік бол» деп, көптен ерекшеленбейді, әдептен озбайды. Бекзат болмысы, адамдармен тіл табыса алатын ізгі қасиеттері үшін көпшілік құрмет тұтады. Сақтаған үшін ар-намыс пен абырой бәрінен де қымбат. Ол жақсыны да, жаманды да бір көргеннен дөп басып аңдайды. Өзімен сыйласып, сырласып жүргендердің қадір-қасиетін ұлық тұтатыны да содан болса керек.


Ат арқасына мінгелі Сәкең өмірдің ащы-тұщы дәмін тартты. Қамқор жандарды да, қайырсыз қатыгездерді де көрді. «Көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей ше­шен боларсың» дегеннің не екенін жастайынан кө­ңілге тоқып, ұғып өсті. Жақ­сылардың шарапатын, жаман­дардың кесапатын қатар көрді.


С.Ешмахановтың ел ал­дындағы ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Мемлекеттік орман және аң шаруашылығы комитетінің Құрмет грамотасымен, «Орман шаруа­шылы­ғындағы үздіксіз қызметі үшін» I дәре­желі «Қазақстан орманын мінсіз қорғағаны үшін», алғаш­қылардың бірі болып «Еңбегі сіңген орман өсіруші» төсбелгілерімен марапатталды.


Өткен жылы орман қыз­меткерлері күні мерекесі қар­саңында облыс әкімінің Құрмет грамотасын алды. Басқа да марапаттарын санамалап шығу әсте мүмкін емес. Еңбекпен тапқан бақыт деген осы болар.


Қазір Сәкең облыстық орман, аң және балық шаруа­шылығы саласы ардагерлері бастауыш ұйымының төр­ағасы болып, қоғамдық жұ­мыспен белсене айналысып жүр. Тынымсыз жұмыс жасап, оны қаладағы іргелі қоғамдық ұйымға айналдырды.


Зайыбы Қаламқас жеңгеміз жұбайының қабағына қарап, отбасын ауызбірлікте, та­тулықта ұйытып отыр. Ол – ұзақ жылдар ауданда сауда саласында жемісті еңбек етіп, абыроймен құрметті еңбек демалысына шыққан жан. Қонақжай отбасының дастарханы жиылған емес. Жарасымды отбасында 4 қыз, 1 ұл, олардан 15 немере, 4 шөбере өсіп келеді. Барлығы әке-шешенің арқасында өмірден өз орындарын тапты. Тұрмыстағы қызы қайтыс болып одан қалған немересі Аяжанды қолына алып, тәрбиледі. Оқытып, бой жеткізіп, кейін құтты орнына қондырды.
Сәкең – берген уәдеге берік жан. Ол үшін ағайын-туыс, дос-жаранға деген адалдық бәрінен де жоғары. Бақастық, іштарлық, көреалмаушылық, қызғаншақтыққа жаны қас. Бүгінде ақсақалдық кемел жасқа келіп отырған ағамызға еткен еңбегіңіздің рахатын көре беріңіз деп тілейміз.

Мырзамұрат ИБРАЕВ,

Жалағаш ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<