Орманшы еңбегі еселі

942

0

Жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін «Орман шаруашылығы қызметкерлері күні» биыл 16 қазанға тура келіп отыр. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов сала қызметкерлерін және ардагерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Облыстың экологиялық жағдайын жақсартуда орман шаруашылығының қызметі ерекше екендігін атап өтті.

– Еліміздің шөлді аймағында орналасқан өңір үшін орман шаруашылығының өз орны бар. Тыныс-тіршілігіміз үшін маңызы зор саланы нығайтуда сіздер білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде өзгелерге үлгі-өнеге болып, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық және орман шаруашылығы салаларының дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей, Сыр елінің табиғатын сауықтыру, орманды сақтау, қорғау мен молықтыруға әрі қарай да аянбай еңбек ете беретіндеріңізге сенім білдіріп, қиындығы мен қызығы қатар жүрген еңбектеріңізге толағай табыс, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке тілеймін, – деді Серік Салауатұлы.

Облыс аумағында мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 7 млн гектар, оның ішінде орманды алқабы 3,8 млн гектарды құрайды. Орманды алқаптың 83%-ын негізгі орман құраушы сексеуіл ағаштары алып жатыр. 2018 жылға дейін орманды алқап 3,07 млн гектарды құраса, 2019-2021 жылдары жүргізілген орман молықтыру жұмыстарының нәтижесінде орманмен көмкерілген алқап 3,8 млн гектарға ұлғайған. Облыс әкімінің қолдауымен орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыруға өткен жылы облыстық бюджеттен 340 млн, ал биыл 600 млн теңге бөлінген.

Мерекелік кездесуде орманды сақтау, молықтыру және көбейтуде жылдар бойы қызмет етіп, саланың дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтар ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің І дәрежелі, ІІІ дәрежелі, «Еңбек сіңірген орман өсіруші», Құрмет грамоталарымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<