Орнықты даму – баршаға ортақ міндет

582

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында «Абу Даби тұрақты даму апталығы» атты саммиттің ашылу рәсіміне қатысты.

Сонымен қатар жиынға Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх  Мұхаммед  бен Заид Әл ­ Нахаян, Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёль, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Ангола Президенті Жуан Лоренсу, Мысыр Сыртқы істер министрі, БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы 27-ші сессиясының (СОР27) президенті Самих Шукри, сондай-ақ саясаткерлер, жаңартылатын энергия, технологиялық даму және инновация салаларының жетекшілері, инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты.

ADSW 2023 – орнықты даму үдерісіне халықаралық күш-жігерді қолдауға бағытталған БАӘ жаһандық бастамасы. Абу Даби саммиті – азық-түлік пен су ресурсы қауіпсіздігі, энергияға қолжетімділік, өнеркәсіпті көміртегінен арылту, денсаулық сақтау және климаттағы өзгерістерге бейімделу сияқты ауқымды әрі өте маңызды мәселелерге арналған биылғы алғашқы халықаралық форум.

Жиынның мақсаты – жаһандық қоғамдастықты біріктіретін және түрлі мәселелерде, жаңашыл серіктестік қатынастар мен инновациялық шешімдерде келісімге қол жеткізу үшін конструктивті диалогқа жол ашатын орнықты даму саласының күн тәртібін қалыптастыру және COP28 конференциясына тың серпін беру.

Президент «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінің ашылу салтанатында сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы өз сөзінде жаһандық маңызы бар өзекті тақырыптар талқыланатын ауқымды халықаралық шараны ұйымдастырғаны үшін жоғары мәртебелі шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға алғыс айтты.

Президент анағұрлым таза әрі «жасыл» әлем жолындағы орнықты даму баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.

– Өкінішке қарай, геосаяси тұрақсыздықтың шиеленісуі және энергетикалық қауіпсіздіктің сақталмауы климаттың өзгеруіне қатысты мәселені елеусіз қалдырды. Жаһандық орташа ауа температурасы көтерілген сайын әлемдегі құнарлы азықтың 66 пайызын қамтамасыз ететін негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымы едәуір азаюы ықтимал. Сондай-ақ тұщы су тапшылығына душар болу қаупі зор. БҰҰ баяндамасына сәйкес, 2050 жылға қарай климаттың өзгеруі салдарынан 5 миллиардтан астам адам ауызсуға зәру болуы мүмкін. Бұл дүниежүзілік азық-түлік, энергетика, қала және экология жүйелеріне қатер төндіреді. Мұның бәрі тек саяси шешімдерді ғана емес, басқа да жедел әрі тиімді шаралар қабылдауды талап етеді. Планетамызды сақтау үшін бұрын-соңды болмаған мөлшерде қаржылай инвестиция құю керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, климаттың өзгеруіне қарсы күрес тек даму немесе жаңғырту шараларымен ғана шектелмей, өзара тығыз байланыста қатар жүруге тиіс. Президент елімізде электр энергиясының 70 пайызға жуығы көмірден өндірілетінін атап өтіп, алдағы уақытта өнеркәсіп пен экономикаға түбегейлі құрылымдық өзгерістер әкелетін ауқымды шараларға арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, жаңа Экологиялық кодекс өнеркәсіп корпорацияларының жаңартылатын энергия көздеріне көшуіне оң ықпал етеді.

Қазақстан – көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ұзақмерзімді стратегия қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы ел. Аталған стратегия ұлттық деңгейде анықталған климаттың өзгеруіне қарсы күрес көрсеткіштеріне үлес қосудың оңтайлы тәсілдерін айқындайды. 

Президент саммит қатысушыларына Қазақстандағы жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің перспективалары туралы мәлімет берді.

– Күн мен жел факторлары, сондай-ақ ұлан-ғайыр жеріміз Қазақстанның климатты сақтау жолындағы жаһандық іс-әрекеттерге атсалысып, жаңартылатын энергия секторында көш бастауына мүмкіндік береді. Осыған байланысты біз инвесторларға анағұрлым ұтымды шарттар ұсыну  үшін  нормативтік-құқықтық базаны жетілдіріп жатырмыз. Жалпы, біздің жоспарымыз бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда 6,5 ГВт жаңартылатын энергия  ресурсы пайда болады. Бұл  орайда «жасыл сутегі» – келешегі зор бағыттың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, еліміз сутегін экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіре алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атом энергиясын пайдалану мәселесіне назар аударып, бұл ауаға тарайтын парниктік газдардың көлемін азайтуға әсер ететін басты фактордың бірі екенін айтты. Сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы артықшылықтарына тоқталды, климаттың өзгеруін тежеу стратегиясы үшін орман өсіру өмірлік маңызы бар бағыт саналатынын жеткізді.  Оның айтуынша, Қазақстан Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ 26-шы конференциясында қабылданған Орман мен жерді пайдалану декларациясына қосылды. Бұдан бөлек, елімізде 2025 жылға дейін екі миллиард ағаш отырғызуды көздейтін ауқымды жоба басталды. Былтыр 282 миллион түп ағаш отырғызылды.  Биыл тағы 410 миллион  ағаш отырғызу жоспарланып отыр. 

Мемлекет басшысы астық өндірісі бойынша Қазақстан әлемде жетінші орын алатынын атап өтіп, дүниежүзілік азық-түлік тапшылығымен күресте еліміз өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға ниетті екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында саммитке қатысушылардың барлығын «жасыл жобаларды» жүзеге асыруға белсене атсалысуға, сондай-ақ ESG-инвестициялар мен орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін күш біріктіруге шақырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<