Орнықты дамуға негізделген

2408

0

Азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес – Тәуелсіздіктің 30 жылын қорытындылап, төртінші онжылдыққа қадам бастық. Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарық көріп, онда әрбір саналы азаматты толғандыратын «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдарға жауап берілді. Тәуелсіздіктің үш онжылдығында атқарылған, әрқайсысы ғасыр жүгін арқалаған жұмыстарға тоқталды.

Осы жылдар ішінде елімізде қалыптасқан көппартиялық жүйе, оның ішінде «Nur Otan» партиясының саяси салмағы басым екені байқалады. Партия тұрақтылық пен татулыққа, орнықты дамуға негізделген және тұтас қоғамның мүддесіне сай келетін саясат жүргізіп келеді. Халық сенімінің бір көрінісі nurotan.kz. ресми сайтының мәліметтерінен анық аңғарылады. Мәселен, жыл басынан бері «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 160 мыңға жуық қазақстандық жүгінген. Депутаттар мен мемлекеттік органдардың басшылары 31 мыңнан астам қоғамдық қабылдау өткізді. Талдау көрсеткіші бойынша, өтініштердің басым бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тағы сол сияқты мәселелерге байланысты. Бүгінде өтініштердің 98%-і шешіліп, консультативтік, құқықтық және өзге де көмек көрсетілген.

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Президент үшінші онжылдықта «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» сияқты бірқатар ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылғанын айтады. Саяси, экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға да баса мән берілді. Әділетті мемлекет туралы тұжырымын «…мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы» деп қорытады. Жоғарыда аталған бағдарламалардың барлығының іске асырылуын партиялық қадағалауда, әділеттіліктің салтанат  құруы жолында партия атқарған жұмыстардың ауқымы зор.

Алдағы жауапты кезең – төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті өткен отыз жылдағыдан да маңызды әрі салмақты екені анық. Саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру барлығымыздан білім мен білікті, ынтымақ пен бірлікті талап етеді.

«Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» делінген мақалада. Осы жолда халық мүддесі мен «Nur Otan» партиясы ұстанған бағыттың бағдары бір болып келеді. Алдағы уақытта да бір бола бермек.

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,

облыстық мәслихат депутаты,

«Nur Otan» партиясының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<