Қоршаған орта – қорғаның

448

0

Облыстық экология департаменті өткен жылдың қорытындысы мен алдағы атқарылатын жоспарлар жөнінде есеп берді. Шараны департамент басшысы Марат Құрманбаев жүргізді. 

Былтыр қоршаған ортаны қорғау саласында барлығы 85 нысанға бақылау шаралары ұйымдастырылды. Нәтижесінде 228 экологиялық заңнама талаптарын бұзу деректері анықталып, кемшіліктерді жою үшін тиісті нұсқамалар берілді. Сондай-ақ, ҚР Экологиялық кодекс талаптарын өрескел бұзғаны үшін сот шешімімен 103 нысанның қызметі уақытша тоқтатылды. Табиғи ресурстарды заңсыз пайдалану бойынша 3 дерек негізінде тиісті шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдары мен уәкілетті органдарға тиісті ақпараттар жолданды. Қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу мақсатында табиғат пайдаланушыларға 61 нұсқама берілді.

Былтыр облыс аумағында 262,5 мың тонна қалдық құралды. Оның 44,1 процентін өнеркәсіптік, 28,7 процентін тұрмыстық қатты қалдық құрайды. Есепті мерзімде 43 мың тоннадан астам қалдық залалсыздандырылған. Оның басым бөлігі – өндірістік қалдықтар. Былтыр зертхана бөлімінде барлығы 2945 сынама алынып, 7199 анықтау жүргізілді. Нәтижесінде 653 қоршаған орта нормативінен ауытқушылық белгілі болды.

Жиын барысында департамент басшысы облыс орталығы мен аудандардағы биологиялық тазарту стансалары, күріш қалдықтарын өртеу жағдайы және өзге де өзекті мәселелер жөнінде әңгімелеп берді. Ал Тыныштықбай Кеу­лімжаев Байқоңыр қаласы бойынша экология бағытында кездесіп отырған бірқатар проблемаларды ортаға салды. Атап айтқанда, бүгінде қаладағы жылу орталығы мазутпен жұмыс істейді. Оның қоршаған ортаға залалы орасан. Оған қоса газ бағасынан бірнеше есе қымбат. Сондай-ақ, сол аумақта иесіз қалған ракеталық шахталар жайы ойлантады. Бұл мәселелерге байланысты департамент басшысы жылу орталығын келешекте газға ауыстыру ойластырылып отырғанын жеткізді. Ал ракеталық шахталар мәселесін департамент тұрақты бақылауда ұстап отыр. Қоғам белсендісі Болат Нұрқожаевтың айтуынша, әр отбасы 3 тал егіп, оның өсіп шығуына көңіл бөлсе, аймақта көркейту-көгалдандыру мәселесін жақсартуға мүмкіндік туады.

Есеп беру жиынында өзге де мәселелер жан-жақты тал­қы­ланды. Жыл қорытындысымен сала бойынша үздіктер анықталып, оларға тиісті марапат жасалды.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<