Орта өнім – 85 центнер

546

0

Жалағаш ауданы сонау кеңестік кезеңнен бері аграрлық салаға бағытталған. Алтын астықтан тау тұрғызып, талай-талай рекордтық көрсеткіш орнатты. Сол уақыттағы А.Бисенов, Ұ.Еспанов, Н.Әпірезов сынды Еңбек ерлерінің ізін жалғап, Тәуелсіздік жылдарынан бері ауыл шаруашылығында абыройлы да табысты еңбек етіп келе жатқан «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаев Қазақстанның Еңбек ері атанды.

Аудан диқандары биыл да аймақта алдыңғы қатарда. Күзгі дала жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биылғы жылдың бекітілген сызбасына сәйкес ауданда 37218 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Нақтырақ айтсақ,  күріш көлемі өткен жылғыдай, яғни, 19800 гектар,   есесіне     жаздық, күздік  бидай, сүрлемдік жүгері, мақсары, қант құмайы, ескі жоңышқа сияқты дақылдардың көлемі едәуір артқан.    Сол секілді, көкөніс-бақша өнімдерінің көлемі де көбейе түскенін байқауға болады.

Бүгінде 19800 гектар күріштің 11450 гектары орылып, 9300 гектары, яғни, 47 пайызы жиналды. Қазіргі есеппен күріштің әр гектарынан 52 центнерден, барлығы 483600 центнер өнім алынды. Сонымен қатар, жоңышқа, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүргізілуде.  Атап айтқанда, 129 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 13 центнерден, барлығы 1677 центнер, 770 гектар жаздық бидайдың әр гектарынан  9 центнерден, барлығы 6930 центнер, 665 гектар мақсарының әр гектарынан 8,7 центнерден, барлығы 5785 центнер өнім жиналды. Сол сияқты, 200 гектар қант құмайынан 8195 центнер, 40 гектар арпадан 328 центнер, 5 гектар сұлыдан 64 центнер өнім алынып отыр.     

Бүгінгі күнге 4850 гектар жаңа жоңышқадан 60625 центнер жиналса,  8091 гектар ескі жоңышқаның 191 гектары тұқымға алынып, қалған 7900 гектар жоңышқаның бірінші орымынан 226410 центнер, екінші орымынан 239054 центнер, үшінші орымынан 781,2 центнер өнім жиналды. Ал 188 гектар картоптың 85 гектары қазылып, әр гектарынан 115,1 центнерден 9780 центнер, 1115 гектар көкөністің 1055 гектары жиналып, әр гектарынан 171,7 центнерден 18114 центнер, 1300 гектар бақшаның 1210 гектары жиналып, әр гектарынан 221,5 центнерден, барлығы 26802 центнер өнім алынды.

 Егіннің межелі жерге уақытылы орналастырылып, ысырапсыз жиналуы адам күшімен қатар, техниканың мүмкіндігіне байланысты екені белгілі. Бұл орайда аудан шаруашылықтары техника паркін жаңарту жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. Биылдың өзінде 842,1 млн теңгеге 15  ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Қазіргі күзгі дала жұмыстарына  аудан бойынша 1500-ден астам егінші-механизатор жұмылса, 1027 ауыл шаруашылығы техникасы қатысуда.

Егін саласы бойынша бірнеше жылдық тәжірибесімен қатар, алажаздайғы тынымсыз еңбек нәтижесінде күріштен жоғары өнім алып отырған шаруашылықтар да бар. Айталық, Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 3500 гектарға түрлі дақылдар еккен. Оның ішінде 1300 гектарға күріш егіп, бүгінде әр гектарынан орташа есеппен 89 центнерден өнім алды. Бұдан бөлек «Ер-Әлі» шаруа қожалығының тамшылатып суару әдісімен еккен 6 гектар алма бағы бар. Түрлі сортты, табиғи шырынды алма өңір тұрғындарының ерекше сұранысына ие болып отыр.

Ал Еңбек ері Имамзада Шағыртаев басқаратын «Таң ЛТД» ЖШС биыл 3000 гектар жерге егін еккен. Оның ішінде 1500 гектарға егілген күріш дақылының әр гектарынан орташа есеппен 85 центнерден өнім алынып отыр. Күріштің басым бөлігі – шетелдік жаңа «Каурис» сорты және жерсіндірілген «Лидер», «Альянс» сорттары. Бұдан бөлек, 80 гектарға қант құмайы, 800 гектарға жоңышқа, 150 гектарға түйежоңышқа дақылдары егілген болатын. Қазір шаруашылық еңбеккерлері өнімді ысырапсыз жинап алуға жұмыла кіріскен. Биыл «Таң ЛТД» ЖШС қытайлық компаниямен бірлесіп, Шиелі ауданында 800 гектарға тамшылатып суару әдісімен дән жүгері екті. Алдағы 2025-2026 жылдары егістік көлемі 3 мың гектарға дейін ұлғайтылады деген жоспар бар.

«Таң ЛТД» серіктестігі кейінгі жылдары ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлген.

Айта кетейік, жалпы облыс бойынша 189 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 85,6 мың гектар.

Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында биыл диқан қауымға су қажет деңгейде жеткізілді. Шаруашылық құрылымдары да егілген дақылдарға күтіп-баптау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай жүргізді. Сыр диқандары суды үнемдеу мақсатында кейінгі 10 жыл көлемінде күріш егістігінің 55 мың гектарын лазерлік әдіспен тегістеген. Алдағы 5 жылда бұл 72 мың гектарға жеткізіледі деген жоспар бар. Сонымен қатар, егін жинау жұмыстары қажетті техникалармен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген. Қазір өңірде егін жинау жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<