Орталық емхана орын тапшылығын жояды

1397

1

Өңірдегі демографиялық өсімнің артуына орай емханаға келушілердің саны көбейіп, орын тапшылығы мәселесі туындады. Бұл ретте емделушілер үшін емхананың қолжетімділігі маңызды.

Қызылорда қаласындағы емханалардың жүктемесін төмендету және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру үшін бұрынғы облыстық наркология орталығының ғимараты «Орталық емхана» болып қайта бейімделді. Демеушілердің көмегімен ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жаңа жиһаздар мен медициналық құрал-саймандармен жабдықталды. Емхана ақпан айында жұмысын бастайды деп жоспарлануда.

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қайта бейімделген емхананың жұмыс барысын саралап, алдын ала дайындықты көрді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов жаңа емхана бірнеше емдеу мекемелеріндегі орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді, яғни №1, №3, №6 емханаларда тіркелген азаматтар осында қаралуға мүмкіндік алады. Мұнда барлығы 30 мың адамға қызмет көрсетіледі.

Аймақ басшысы халыққа сапалы қызмет көрсетуде денсаулық сақтау мекемелерінің жүйесін оңтайландыру маңызды екенін, мұндай тиімді шешім тұрғындардың қажетті емді жақын жерден алуына мүмкіндік беретінін жеткізді. Сондай-ақ, емхананы қайта бейімдеу ісіне қолдау білдірген жанашыр кәсіпкерлерге алғыс айтты. 

Орталық емхана 18 дәрігерлік аймақтан тұрады. Мұнда 18 жалпы тәжірибелік дәрігер, 54 орта медициналық қызметкер және арнайы мамандар еңбек етеді.

Алдағы уақытта емдеу мекемесін рентген, флюорография, ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) аппараттарымен және санитарлық автокөліктермен қосымша қамту жоспарлануда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<