Ортақ іске ұйысқан ұтады

512

0

Аймақ пен елді мекенде, әрбір салада жаңару мен жаңғыру жұмыстары үздіксіз атқарылып отыруы тиіс. Бұл – заман талабы. Олай болмаса, түбегейлі жетістікке жету мүмкіндігінің аясы тарыла түсерін өткен уақыт дәлелдеп қойған. Сондықтан қашанда көнені байытып, жаңаға ұмтылудың мәні зор. Ол үшін үнемі ізденіс, талмай еңбек ету қажет екені түсінікті. Сырдың маржаны атанған Шиелі бұл күндері тіпті құлпыра түскен.

Бастысы, әр тұрғынның тазалыққа мән беріп, өз аулаларын, көшелерін қоқыстан арылтуы, мүмкіндігіне қарай ағаш көшеттерін молынан егіп, мекеме маңдарын гүлзарға айналдыруы шағын қалашықтың көркін аша түскен сыңайлы. Айтпақшы, аудан ардагерлерінің кіреберістегі көпір маңынан арнайы жер иемденіп, оған саялы ағаштар отырғызуы, оны өз күшімен күтіп-баптауы – өзгеге үлгі боларлық-ақ өнеге. Осы бір жағымды үрдіс басқа азаматтар мен түрлі құрылымдарға да оң әсер етіп, елді мекенді көркейту-көгалдандыру жұмысы Шиеліде кең өріс алғаны қуантады. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етері сөзсіз.

Шиелідегі тағы бір сүйсінерлік жағдай жаңа құрлыстардың бой көтеріп, сәулеттендіру тұрғысындағы жұмыстардың қарқын алуы деп айтар едік. Мәселен, биылғы алғашқы тоқсанда құрылыс-монтаждау жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы қаралды. Бұларды атап айтып, көрсеткен де жөн болар. Тарата баяндасақ, төмендегіше:

Шиелі кентіндегі 220/35/10 кВ «Шиелі» ҚС қайта жаңғыртуға Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферт есебінен қаржы қаралған. Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы жұмыс жүргізілуде.

Аудан орталығындағы О.Байымбетов көшесі мен атаусыз көше бойындағы 50 үйдің инфрақұрылымының жобалық құны 102,1 млн теңгені құрайды. Биылға жергілікті бюджет есебінен 103 млн теңге қаралды. Наурыз айында мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, бас мердігері «РиА-Сервис ЛТД» ЖШС-мен келісім-шарт жасалды.

Шиелі кентінде жобалық құны 363,2 млн теңге болатын спорт кешенінің құрылысы басталды.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жеткізу бойынша республикалық бюджет есебінен 50 млн теңге қаралды. Наурыз айында мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, бас мердігері «Алтын Айдарлы» ЖШС-мен келісім-шарт жасалды. Авторлық қадағалаушы – «Гранд Тауэр Сервис» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «МұнайГаз Инжиниринг» ЖШС.

«Бестам» ауылында 150 орындық клубтың құрылысы қолға алынды. Жобалық құны – 460,6 млн теңге. Құрылысты «СК Дәнекер» ЖШС салады, «ПроектСервис» ЖШС авторлық, «ARTERIA» ЖШС техникалық қадағалаушы.

Шиелі кентіндегі электр желілерін ауыстыру үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Жобалық құны 808 млн теңгені құрайды. Аудан орталығындағы тозығы жеткен қолданыстағы 12,68 шақырым электр желілері ауыстырылады. Бас мердігері – «Энергомера» ЖШС, өткен жылы Ұлттық қордан нысаналы трансферт есебінен 100 млн теңге бөлініп, 6 учаскеге электр бағаналары орнатылып, 3,5 шақырым желі жүргізіліп, бөлінген қаржы толықтай игерілді. Биылға 619 млн теңге қаралып, наурыз айында 75,6 млн теңге игерілді.

Шиелі ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дана Аман – мемлекеттік қызметтің бірнеше баспалдағынан өткен тәжірибелі маман. Жоғарыда айтылған сәулеттендіру мәселелері жөніндегі ойларын жинақтай келе, алдағы жұмыс жоспары туралы айтты.

– Құрылыс саласына бөлінген қаржыны өз мерзімінде игеріп, нысанның сапалы салынуына аса мән береміз. Жоғарыдағы мәліметтерге тағы да қосарымыз, Шиелі ауданындағы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына арналған 21 тұрғын үйді сатып алуға 266 млн теңге қаралды. «Ақмая», «Алғабас», «Бәйтерек», Ы.Жақаев, «Бәйгеқұм», «Алмалы», «Еңбекші» ауылдарының даму сызбаларын түзетуге аудандық бюджеттен қаржы қаралып, толықтай игерілді, – деді ол.

Сондай-ақ биылға облыстық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен 139,8 млн теңге Шиелі кентінің бас жоспарына түзету енгізуге, 14 ауылдық елді мекеннің дамыту және салу схемаларына (оңайлатылған бас жоспарларына) түзетулер енгізу жұмыстарына қаралды. Шиелі кенті кәріз жүйелері мен тазарту қондырғысы құрылысы бойынша жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеп, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алғанға дейін сүйемелдеуді әзірлеуге өткен жылға аудандық бюджеттен 15 млн теңге бөлініп, толықтай игерілді. Биыл аудандық бюджеттен 41,9 млн теңге қаралып, «Батыс Гранд» ЖШС жоба-сметалық құжаттарын дайындауда. Мұның бәрі – ауқымды жұмыстар.

Алғашқы тоқсандағы құрылыс жұмыстарының аса қарқынды екені аңғарылды. Демек, ауданда жаңа бастамалар уақыт талабына сай жүргізіліп, оның нәтижелі болуына толық мүмкіндік бар. Қорыта келгенде, қоғамның ортақ іске ұйысуы арқылы ел бірлігінің нығая түсеріне негіз бар.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<