Орынбордан маңызды құжаттардың көшірмесі алынды

424

0

Сурет: облыстық мәдениет және спорт басқармасының фейсбук парақшасы

Аймақ басшысының қолдауымен облыстың 85 жылдығына орай тарихи деректердің көшірмесін алу мақсатында облыстық архив қызметкерлері Ресей Федерациясы Орынбор біріккен мемлекеттік архивінде зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы облыс тарихына қатысты құжаттардың 2000-нан аса парақ көшірмелері алынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастырған көшпелі баспасөз конференциясында Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова мәлімдеді.

-Бұл құжаттар толық зерделеніп, заңнама талаптарына сәйкестелгеннен кейін жалпы жұршылықтың пайдалануы үшін қолжетімді болады,-деді Мира Жомартқызы.

Ерекше атап өтер жаңалық, биыл Сыр өңірінде бірнеше жылдар бойы жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары жасалды. Осы айдың соңына дейін ресми таныстырылымы өткізілетін болады.

-Облыстық бюджет есебінен ежелгі өркениет ошақтары саналатын сақтардың орталығы Бәбіш мола, оғыздардың ордасы Жанкент және қыпшақ, қазақ хандықтарының астанасы болған Сығанақ қалашықтарында кешенді қазба жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан республикалық бюджет есебінен Сығанақ қалашығының шығыс қақпасы мен қорғаныс қабырғалары қалпына келтірілді және Алтынасар қалашығына, Ғанибай мешітіне, Молқалан, Төлегетай-Қылышты ата, Қарасопы кесенелеріне, Көтібар мұнарасына реставрациялық жұмыстар жүргізілді. 2014 жылы толық реконструкциядан өткізілген Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата ескерткіш кешені бюджеттен тыс көздер арқылы қайта жаңғыртылды. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші саналатын Хорасан ата кесенесінің айналасын абаттандыру, жарықтандыру, қоршау жұмыстары жүргізілді. Сыр өңірінің қасиетті орындары – Марал баба, Оқшы ата кесенелеріне қайта жаңғырту, айналасын абаттандыру, кесенеге баратын жолдар салу жұмыстары қолға алынды.Сондай-ақ, «Сыр елі» энциклопедиясы, «Сыр елінің тарихы» кітабы «Қызылорда облысы: 1938-2023» кітап-альбомы әзірленді, жақын уақытта баспадан шығарылады,-деді басқарма басшысы.

Орынбордан маңызды құжаттардың көшірмесі алынды

Сурет облыстық мәдениет және спорт басқармасының фейсбук парақшасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<