Сейсенбі күні облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Онда Қызылорда қаласының әкімі мен басқарма басшылары болды.
Жеке мәселелерімен келген тұрғындардың өтініші ауызсу, газ, тұрғын үй, әлеуметтік көмек, денсаулық салаларына қатысты.
Қабылдауға келген азаматтардың алғашқысы қаладағы «Эдельвейс» саяжайының тұрғындары Дәулетбек Ысқақұлы мен Дауылбай Ақсуатов саяжайдың ауызсу, газ, жарық және жол қатынасы мәселесі туралы айтты. Мәлім болғандай, саяжайға құрылыс салуға рұқсат берілмейді, бірақ тұрғындар өз бетінше үйлерді салып алғандықтан, өтініштеріне байланысты бас жоспарға өзгертіліп, қаланың шекарасына енгізілген. Биылдан бастап аталған мәселелер бойынша жұмыстар жасалуда. Жобалық-сметалық құжаттары дайындалған соң біткен соң ғана республикадан қаржы сұрау мүмкін болады. Егер қаржы бөлінсе, мәселе де шешіледі. Десе де, оған уақыт қажет. Ауызсу мәселесі бойынша әзірге суды арнайы көлікпен тасымалдау жолы қарастырылмақ.
Қабылдауда болған қызылордалық Айбөбек Длекешова пәтер және әлеуметтік көмек мәселесі бойынша келгенін жеткізді. Сонымен бірге қызының жұбайынан алимент ала алмай отырғанын, жұмыссыз екенін айтты. Белгілі болғандай, Айбөбек пәтер кезегінде 2348 болып тұр. Бұл орайда аймақ басшысы пәтер тек заңмен берілетінін, кезегі келгенде алатынын айтты. Ал алимент мәселесі бойынша тиісті сала мамандарына заң шеңберінде көмек көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ, жұмысқа орналастыру бойынша да көмек беру ұсынылды.
Қызылорда қаласы, Қараөзек ауылының тұрғыны Зейнеш Юсупова №39 мектепке Аймахан Жүсіповтың есімін беру туралы ұсыныспен келіпті. Облыс әкімі соғыс және еңбек ардагерінің есімін білім ұясына беру орынды ұсыныс екенін айтты. Алайда, қазіргі кезде елді мекендерге, білім ордаларына, көшеге ат беруге қатысты мораторий жарияланғанын, кезі келгенде ономастикалық комиссияға ұсынылатынын жеткізді.
«Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Әбіш Семей сынақ полигонына қатысқан азаматтардың құқығын қорғау мақсатында заңға өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс айтты.
Аймақ басшысы қабылдауда болған азаматтардың мәселелерін қарап, тиісті мекеме басшыларына заң аясында жұмыс істеуді тапсырды.
Айнұр БАТТАЛОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<