ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлт мәдениетін жаңғырту бағытында көптеген тың идеялар ұсынды. Мәселен, «Дала фольклорлары мен музыкасының мың жылы» деген тарауында Мемлекет басшысы: «Бұл жоба аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері-ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады» – деп атап өтті.
Осы орайда, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала фольклорлары мен музыкасының мың жылы» атты жобасы аясында облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы мен Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің ұйымдастыруымен дәстүрді жаңғырту, жасөспірімдер арасында қылқобызды, Қорқыт мұрасын насихаттау мақсатында қаладағы №101 мектеп-лицейде «Қорқыт қобызының көне әуендері» атты облыстық лекция-концерт өтті.
Қорқыт бабамыз халық даналығын бас болып паш етуші және сақтаушы. Сондай-ақ, Қорқыт атамыз оғыз-қыпшақ ортасындағы саяси-әлеуметтік мәселелерді шешуде жол көрсетуші басты тұлға болған. Абызды ел ішіндегі жөн-жоралғыны, салт-дәстүрді реттеуші батагөй дана деп те танимыз. Оғыз дәуірінің ұлы тұлғасы болған жыраудың ерен есімі әлемге мәшһүр «Қорқыт ата кітабына» арқау болған.
Міне, осындай ұлықтауға әбден тұрарлық, 1300 жылдан астам тарихы бар Қорқыт бабамыздың құнды туындыларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған лекция-концертке келушілер қатары көп болды.
Жиында сөз алған облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіхалықова шараның маңызына тоқталып өтті.
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында өткізіліп отырған бұл шараның жастарға берері мол. Өскелең ұрпақ өз туған жерінің тарихын біліп, туған жердің ұлы тұлғаларын мақтан тұтып, олар қалдырған мол мәдени мұраларды насихаттап өссе мәдениетіміз бен әдебиетіміз мәңгі жасай бермек. Өткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды ете аламыз. Сыр өңірінде дүниеге келген, бүкіл түркі халықтарына ортақ ұлы есімдердің бірі – Қорқыт абыз. Дүние тылсымын қобыз сарынынан іздеген баба мұраларын насихаттау ұлт мәдениетін жаңғырту жолында жасалып жатқан игі бастамалардың бірі, – деді.
Лекция-концертте халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Тоқтар Ағыбаев, Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледжінің оқытушысы, республикалық байқаулар жеңімпазы Айнуза Бегімсалова, республикалық «Қорқыт-Қобыз» байқауының ІІ орын иегері Айдана Рүстембек сынды Қорқыт мұраларын шет елдерде насихаттап жүрген қылқобызшылар өнер көрсетті.
Тыңдаушысын әуендік әсемділігімен, шынайылығымен баурап алатын Қорқыт бабамыздың «Қоңыр», «Ұшардың ұлуы», «Башпай», «Әуппай» күйлері де көрерменге ой салды.
Света ҮСЕНҚҰЛОВА,
облыстық «Рухани жаңғыру»
орталығының маманы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<