Демалыс күндері қаланың әр бұрышында әсем ән мен күй қалықтады. Қос мереке қарсаңында қалалық мәдени-демалыс паркі көркем безендірілді. «Ел тірегі – Елорда, ұлт мұрасы – домбыра» деген қанатты сөзбен көмкерілген жазба да мереке көркін ашып, кезекті концерттік бағдарлама көрерменге шаттық сыйлады. Салтанатты шарада қала әкімінің орынбасары Мира Қазбекова тұрғындарға тілегін жеткізді.
– Тәуелсіздіктен кейін бой көтерген Елорданың дамуы елдің көз алдында. Бастапқы кезде онда 270 мыңға жуық халық тұрса, қазір оның саны миллионға жетті. Көз қызығатын ғимараттар салынды, сол жағалау игерілді. Ол арманнан ақиқатқа айналған қала бола алды. Өсті, өрледі, көп қызығатын, дүниежүзі тамсанатын деңгейге жетті. Мұнда әрине, Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының, құрышқолды құрылысшылардың, ақыл-ойы жүйрік сәулетшілер мен істің де, қаржының да көзін таба білген қаржыгерлер мен инвесторлардың, ең бастысы, халықтың ізгі қолдауы бар. Елорда – ел тірегі, тәуелсіздіктің асқақ жемісіндей.
Ұлттық брендке айналған домбырамыздың құрметіне де былтыр Елбасы пәрменімен арнайы жарлық шықты. Биыл, міне ұлттық домбыра күнін екінші жыл қатарынан тойлап отырмыз. Домбыраның құдіретін өзімізден бөлек, өзгелер де ұғынды. ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша қазақтың ұлттық аспабы мен күйі адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізімінде. Бұл – исі қазақты қадірлеу, оның ұлттық аспабын құрмет тұтқанның белгісі, – деді Мира Жомартқызы.
Кеште жастар театрының әртістері ақын Қадыр Мырзалиевтің «Домбыра» атты кітабынан үзінділер оқыды. Халық әндері мен күмбірлі күй көкке әуеледі. Мұнан бөлек, шарада «Жастар жылы» аясында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған байқаудың қорытындысы жарияланды. Шығармашылықты одан әрі шыңдаған өнер сайысында С.Майқанова атындағы мәдениет үйі үздік деп танылып, ұжым арнайы дипломмен марапатталды.
М.СНАДИНҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<